423,42 511.30 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде өрт сөндірушілер 10 жасар баланың арманын орындады

  • 100
  • UPD: 14:31, 31.12.2020

Орындалған арман! Өрт сөндірушілердің қызметімен танысуды  қалап, Аяз атаға хат жолдаған ақтөбелік 10 жасар баланың тілегі жаңа жыл қарсаңында қабыл болды. Болашақта құтқарушы болғысы келетін Арсенді тілсіз жаумен күресетін мамандық иелері зор құрметпен қарсы алып, жұмыстың қыр-сырымен таныстырды.

Жаңа жыл қарсаңында үнемі Аяз атаға хат жазатын Арсен бұл жолы ізгі арманын тізіп жазыпты. Яғни болашақта өрт сөндіруші болғысы келетіндіктен қазірден бастап, сол мамандық иелерімен жүздесуді қалайтынын қағазға түсірген. Ал өзі бұрыннан құтқару қызметіне қажетті арнайы көліктердің ойыншық түрін жинауды әдетке айналдырған. Тілсіз жаумен күресетін жандардың қызметі мен ерлігі туралы да көп біледі.

Арсен Тілеубергенов, оқушы:

- Өрт сөндіруші нағыз батыр деп білемін. Өйткені ол апатпен күресіп, адамдар мен жануарлардың өмірін қорғайды. Өскенде мен де сондай құтқарушы қызметкер боламын.

10 жасар баланың тілегі өрт сөндірушілердің назарынан тыс қалмады. Арсеннің үйіне келіп, нағыз мамандық иелерімен таныстыру үшін қаладағы өрт сөндіру бөлімінің біріне алып кетті. Мұндайды күтпеген ол қуанышы қойнына сыймай, қасына інісі мен досын да бірге алып жүрді.

Өрт сөндіру бөліміне келген балаларға мұндағы ұжымның бір күндік жұмысы толық түсіндірілді. Тіпті шұғыл хабар түскенде қолға алынатын шараларды да көрсетті. Техникамен таныстырып, арнайы көліктердің күш-қуаты мен атқаратын қызметтерін де айтып берді. Балалардың қызығушылығы басым болды. Кез келген қызметкерден қызықтырған сұрағына жауап алды. Тіпті, қолданатын құрал-жабдықтарын да ұстап көрді.

Жұбаныш Саматов, №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ауысым жетекшісі:

- Бәрімізде бала кезімізде өрт сөндіруші болуды армандадық. Өрт сөндірушілерді көргенде ол кісілерге честь беріп, сондай армандармен осындай күйге жеткен жағдайларымыз бар. Және де балаларға біз сындай бір қолдау білдіріп, әрі қарай біз секілді құтқарушы болып, өрт сөндіруші болуларына үлес қостық деп ойлаймыз. Арсенге тілеріміз алда ағалары секілді өз мақсат, армандарына жете берсін.

Балаларға бөлім жұмысынан өзге музейдегі жәдігерлер де көрсетілді. Кездесу соңында оларға тәттілер табыс етілді. Аяз атаға хат жолдап, арманы орындалған Арсен болашақта осы қызметті таңдайтынын тағы бір атап өтті.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы