423,42 511.30 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Біржан Нұрымбетов 2020 жылды қорытындылады

  • 201
  • UPD: 14:07, 31.12.2020
Біржан Нұрымбетов 2020 жылды қорытындылады gov.kz

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Еңбекминінің 2020 жылғы жұмысын қорытындылап, қазақстандықтарды келе жатқан 2021 жылмен құттықтап, барлық азаматтарға денсаулық, амандық және бақыт тіледі.

«Қымбатты қазақстандықтар! Өткен 2020 жыл COVID-19 пандемиясына байланысты бүкіл әлем үшін қиын сынақ болды, біздің елімізді де айналып өтпеді. Пандемиямен және оның салдарымен күрес Үкіметтен аурудың өсуін тоқтату және халық пен ел экономикасы үшін ауқымды теріс салдарлардың алдын алу үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдауды талап етті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен кірістерінен айырылған адамдарға ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінде ай сайынғы төлемдерді беру тетігі жедел түрде әзірленіп, іске қосылды. Төтенше жағдай және карантиндік шектеу іс-шаралары кезеңінде барлығы 4,6 млн адам жалпы сомасы 476,1 млрд теңгеге осындай төлемдер алды», – деді Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, ТЖ және карантин кезеңінде жалпы сомасы 25 млрд-тан астам теңгеге 1,1 млн-нан астам адам азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтар сатып алуға төлемдер түрінде қосымша қолдау алған.

Сонымен қатар базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың өсімі 2019 жылмен салыстырғанда 10%-ті, ынтымақты зейнетақының өсімі 12%-ті құраған.

«2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көп балалы және табысы аз отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа тәсілдері енгізілді. Бүгінгі таңда 413,4 мың көп балалы отбасы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алады, оның мөлшері отбасының табысына емес, балалардың санына байланысты болып келеді.

Табысы аз отбасылардың балалары үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізілді. Әлеуметтік көмектің бұл түріне 430 мың балаға алғаш рет 17,5 млрд теңге қарастырылған», – деді ол.

2020 жылы бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылмен салыстырғанда өскен. Мысалы, мәдениет және өнер саласында 35%-тен 50%-ке дейін, педагогтерге 4 жыл ішінде жыл сайын 25%-ке, әлеуметтік қызметкерлерге 15%-тен 60%-ке дейін арттырылды.

«Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу шеңберінде 124,2 мың адам 7,6 млрд теңге сомасында біржолғы төлем алды, бұл 2019 жылғы төлем сомасынан үш есеге артық. ҰОС қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдары үшін материалдық көмектің мерейтойлық мөлшері орта есеппен 1 млн теңгені құрады, бұл өткен жылдың көлемінен орта есеппен 4 есеге артық. Алғаш рет «Ардагерлер туралы» жаңа заң қабылданды.

Өткен жылы мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін жетілдіру бойынша да үлкен жұмыс атқарылды. Әлеуметтік қызметтер порталын іске қосу басты жаңашылдық болды. Оның ерекшелігі –мүгедектігі бар адамдардың оңалтудың техникалық құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді олардың рейтингін, басқа пайдаланушылардың пікірлерін, бағасы мен сапасын ескере отырып, өз бетінше таңдау мүмкіндігі. Сервис оңалтудың техникалық құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу мерзімін 6 айдан 15 күнге дейін қысқартуды; бизнес-процестердің ашықтығын, делдалдық қызметтерді жоюды; бағаларды біріздендіруді, бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Портал 400 мың мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың техникалық құралдарымен және арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету бойынша қамтиды», – дегенді қосты ведомство басшысы.

Министр сөз соңында барлық қазақстандықтарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаған: «2021 жылы халықтың өмір сүру сапасының артуын, отбасы мен рухани құндылықтардың нығаюын шын жүректен тілеймін! Келер жыл еліміз үшін жақсылық пен жасампаздық жылы болсын. Барша қазақстандықтарға зор денсаулық тілеймін, әр шаңыраққа амандық, бақыт пен махаббат, қуаныш пен өзара түсіністік тілеймін».

Хабар 24 телеарнасы