418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде 21 бала тәрбиелеп отырған отбасы полиция департаментінің ықыласына бөленді

  • 120
  • UPD: 21:24, 31.12.2020

Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбедегі Жетесовтер отбасы қуанышқа кенелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

18 баланы патронаттық тәрбиеге алып, бауырына басқан отбасы полиция департаменті ұжымының ықыласына бөленді. Құқық қорғау саласының мамандары мұндай игі істі дәстүрге айналдырған. Жетесовтер үйіндегі балалар өнерге жақын. Қазір олар Солтүстік Кипрде өтетін сайысқа дайындалып жатыр.

Бұл – Ақтөбедегі ең үлкен отбасы. Мұнда 21 бала өсіп келеді. Оның 18-і патронаттық тәрбиеде. Ерлі-зайыпты Өмірхан мен Амангүл өнерге жақын жандар болған соң, бауырына басқан әрқайсысын мейірім мен қамқорлыққа бөлеп, музыкаға баулып келеді. Бүгінде балалардың бірі домбыра, қобыз тартса, енді бірі жетіген, күйсандық және өзге де аспаптарда шебер ойнайды. Отбасы мүшелерінен құралған отбасылық ансамбль де қазір көпшілікке таныс.

Өмірхан Жетесов, «Шашу» халықтық-отбасылық ансамблінің жетекшісі:

– Халықаралық балалар байқауы, «Қазақстан таланттары» республикалық балалар байқауын жеңіп алдық. Одан аймақтықтан бас жүлде алдық. Біздің арманымыз – Амангүл екеуміз балалардың әрқайсысына дипломдарын алып беріп, өнер адамы қылып шығарып, Ақтөбенің ортасынан бір мектеп ашу.

Көп балалы отбасы жәрдемақы мен бірқатар көмек түріне ие және қайырымдылыққа құмар жандардың да назарынан тыс қалған емес. Әрі соңғы жылдары полиция департаментінің ұжымы жаңа жыл қарсаңында құттықтауды әдетке айналдырған. Бұл жолы да арнайы келіп, сый сияпатын көрсетті.

Атығай Арыстанов, облыстық полиция департаментінің бастығы:

– Полиция тек қана қылмыстың алдын алып, халықтың тыныштығын қамтамасыз етумен айналыспай, балаларға көмек береді.

Тәртіп сақшыларының көңіл бөлгеніне риза болған отбасы мүшелері алғыстарын жеткізіп, өз өнерлерін көрсетті. Балалардың үлкені ән-күй орындаса, кішілері де тақпақтарын айтып аянып қалмады.

Бұл отбасын интернационалды отбасы деп те атауға болады. Ата-ананың өнегелі тәрбиесі арқасында бір-біріне деген бауырмалдылығы бірден байқалады. Берік бірліктің нәтижесінде, тұрмыстың тауқыметін де жеңіп келеді. Бүгінде балалардың тоғызы колледжде оқып жатса, тағы бірнешеуі халықаралық байқаудың жеңімпазы ретінде шетел сахнасында өнер көрсетуге дайындалып жүр.

Данияр Жетесов, студент:

– Сол кезде біз «Алтай» деген шығарманы орындадық. Мен ол кезде кесемен, отбасымызбен ансамбль болып қатыстық. Ұтып, Кипрге жолдама алдық.

Бүгінде облыс бойынша 100-ден астам баланы қамқорлығына алған 66 патронат отбасы бар. Жанұялардың жағдайына көңіл бөлу аудан әкімдіктеріне тапсырылған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы