Биылғы жылдан не күтеміз?

Жаңа 2021 жылға да аяқ бастық. Тышқан жылы елден тыныштық кетті.

Титімдей ғана вирус төрткүл дүниені титықтатып тастады. Сол пәлекет сиыр жылы жым-жылас болсын дейік. Сиыр жылы аузымыз аққа тиіп, ел іші игі істермен толығып, толыса берсін.

Сонымен, биылғы жылдан не күтеміз? Біріншіден, зейнетақы 7%-ке өсті. Елдегі ең төменгі зейнетақы мөлшері 43272 теңге болып бекітілді. Әйелдер биыл зейнеткерлікке 60 жастан бастап шығады. Екіншіден, қазір елде 38 мыңға жуық әлеуметтік қызметкер бар. Солардың жалақысы бүгіннен бастап 1,5 есеге көбейді. Ол үшін республикалық бюджеттен 95 млрд теңге бөлінді. Үшіншіден, айлық есептік көрсеткіш көлемі 139 теңгеге өсіп, 2917 теңге болды. Сәйкесінше, биыл көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі де артып отыр. Енді төрт баласы барларға ай сайын 46700 теңге береді. Бес баласы бар аналар 58400 теңге алады. Ал алты баласы бар аналарға айына 70 мың теңгеден төленбек. Осы ретте он және одан да көп баласы бар аналар бұдан былай ай сайын 116 мың теңге алып отырады.