Көлік салығын төлеу мерзімі сәуірге дейін ұзартылды

Салық жүйесіне енгізілген өзгерістерге сай биылдан бастап көп қабатты үйде тұратындар жер салығын төлемейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа нормаға сай енді жер және мүлік салығы біріктірілді. Ал, көлік салығы әр жылдың 31 желтоқсанына дейін емес, келесі жылдың 1 сәуіріне дейін төлену керек. Бұл норма жергілікті биліктің қаржыны игеруіне де жүргізушілердің өсімпұлға ұрынбауына да септеседі.

Айта кетейік, қазақстандық көлік жүргізушілері қазынаға 14 миллиард теңге қарыз. Бұл берешек бүйірден қыспағанымен, жеме-жемге келгенде едәуір кедергі келтіруі мүмкін. Мысалы шұғыл шетелге шығу керек болса, алдымен қарызды өтетеді. Былтыр көлік салығынан қазынаға 38 миллиард теңге түскен. Қалған қаржы сәуірдің біріне дейін түседі деп жоспарланған. Жаңа нормаға сай есептік кезеңнің І тоқсанына дейін қаржы төлеу жергілікті билікке де ыңғайлы көрінеді.

Айнұр Сартаева, Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы м.а.:

- Енді жаңа норма бойынша салықтың қаржысы толықтай жергілікті бюджетте игеріліп, басқа әлеуметтік жобаға пайдалануға мүмкіндік бар. Сондай-ақ жеке тұлғалардың салықты қате есептеп не мерзіміне, не көлігін сатқандағы түрлі өзгерістерде осы салықтың өзгертуі көп қолайлы болады.