Қазақстандықтар есіктен енген сиыр жылынан тек жақсылық қана күтеді

Шығыс күнтізбесі бойынша есіктен сиыр жылы енді.

Сиыр береке мен молшылықтың символы іспетті. «Өкініш пен қайғы-мұң өткен жылмен қалсын. Ал, жаңа жылдан тек қана жақсылық күтеміз», - дейді оралдықтар.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Нәзира Сыдықбаева күн сайын таңғы 05:00-де тұрады. Әуелі қаз-үйрек пен күркетауыққа жем шашады. Кейін шелегін алып қораға беттейді. Мұнда өзі еркелетіп Моня, Марта, Апрель мен Ромашка деп айдар таққан төрт сауын сиыры бар. Айтуынша, әрқайсысы күніне 10 литрден сүт береді екен. Қала іргесінде мал ұстау оңай емес. Бірақ дәруменге толы ақ мол болғаны дұрыс қой. Сүт тартып, қаймақ былғаймын. «Өнімдердің артылғанын көрші-көлемге сатып осы кәсіптен береке тауып отырмыз», - дейді ол.

Нәзира Сыдықбаева, Мичурин ауылының тұрғыны:

- Мен көп балалы анамын. Мені осы кәсіпке алып келген осы мүмкіндігі шектеулі үшінші балам. Өзім қуанам, осы мал ұстағаныма. Өйткені балалар еңбекке үйренеді. Ақ мол болсын деп тілейміз, бірақ ақ мол болу үшін еңбек ету керек. Еңбек ету ол ата-анаға байланысты. Әйел адам еңбек етіп үйдің ұйтқысы деп айтады ғой. Әйел адамдарға тілейтінім, балаларымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлсе екен.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Әлеуметтік желіде мына секілді көңіл көтеретін видеолар аз емес. Дүкен сөрелерінде сиыр бейнесіндегі кәдесыйлар көбейген. Жалпы қазақ халқының мифологиялық сенімінде де Зеңгі баба тұқымының алар орны ерекше. 

Светлана Тенищева, қала тұрғыны:

- Сиыр деген өте жақсы ғой, бала кезімізден май мен қаймақпен өскен балалармыз ғой. Қиын болған жыл кетсін. Сиыр жылы жақсылық алып келсін.

Әлия Дүйсенова, қала тұрғыны:

- Сиыр малы жайлы, өнімі мол сондай, ақ береді бізге, денсаулыққа пайдалы, денсаулыққа пайдалы тағамдардың бәрін сол сиыр малынан көруге болады. Сиыр жылынан күтетін жақсылығым көп. Өзім сиыр жылы болғасын бүкіл жақсылықты күтем. Әрине, тышқан жылы оңай болған жоқ барлығымызға, тек жақсылық, амандық болсын, еліміз тыныш болсын. Аурулар болмасын.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Дегенмен, әр елдің салты басқа. Бұқамен айқасып бақ сынайтын испандардың дәстүрін төрткүл әлем біледі. Биыл пандемияға байланысты тоқтағанымен, жалғастыруды сұрап билікпен жағаласып жүргеніне куә болдық. Ал, үнді жұрты керісінше, сиыр малын пір тұтатыны рас. Тиісуге болмайтынын сезе ме, маңғаз жануарлар тіпті көше қозғалысына кедергі келтіріп, жол-көлік апаттарына жиі себепкер болады екен.

Астрологтар түрлі болжам айтқанымен, есіктен енген сиыр жылынан жұртшылық тек жақсылық қана күтеді. Көпшіліктің тышқан жылын тезірек өткеруге асыққанын байқағанымыз рас. Бұған биылғы әлемді әбігерге салған қатерлі індеттің де әсері болса керек. Жақсы сөз – жарым ырыс. Олай болса, жұртшылықтың жаңажылдық ақжарма тілегіне біз де қосыламыз! 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов