418,54 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматылық көп балалы ана қаланың үздік волонтері атанды

  • 177
  • UPD: 12:06, 01.01.2021

Алматылық көп балалы ана Шынар Ұзақбаева қаланың үздік волонтері атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа жыл қарсаңында ол басқа да белсенділермен бірге 250 аз қамтылған отбасыларға сыйлық таратты. Балаларды қуантып, ата-аналарына жылы сөздерін айтып демеді.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Шынар Ұзақбаеваның 4 баласы бар. Қаланың шетінде 14 шаршы метр бөлмені жалдап тұрады. Көп балалы ана екі жыл бұрын қиын жағдайға тап болыпты. Қазір ол туралы айтқысы да келмейді. Алғашында сары уайымға салынса да, көп ұзамай айналасына қарап ес жияды. Қиналып жүрген жалғыз ол емес екен. Өзі тұратын Жетісу ауданында мыңдаған отбасы көмекке мұқтаж болып шықты. Көп ұзамай Шынар мұқтаждарды қолдау үшін волонтерлерге қосылады.

Шынар Ұзақбаева, қала тұрғыны:

- Төрт жүз бес жүз отбасыдай нақты көмек алып отыр. Өте төмен, мұқтаж десек болады. Мұқтаж отбасыларға көмек беріп отырмыз. Өзіме ұнайды көмек беру, өз басым негізі көп адам қиналмасыншы деймін. Өйткені өзімнің жағдайым да мәз емес. Бірақ сонда да Қазақстанымда қазағым жақсы болса екен деймін.

Көп балалы отбасылар, әсіресе, төтенше жағдай кезінде қатты қиналған. Сол уақытта Шынар әлеуметтік желі арқылы көмек сұрайды. Қоғамдық бірлестіктің еріктілері көмек қолын созады. Олар қажетті азық-түлік әкеліп, Шынар заттарды мұқтаждарға жеткізіп береді. Жалпы 500 отбасына қайырымдылық көмек жасалды. «Сол кезде қатты шаршадық», - дейді Шынар. Бірақ қиналғанға қол созу – адамгершіліктің белгісі. Енді міне, Жаңа жылда балаларды қуантты.

Саида Тәуекелева, волонтер:

- Балаларға тәтті өнімдер, сусындар сыйладық. Бұл көп балалы аналардың бастамасы. Олар өздерінің ауыр тұрмысына қарамастан, өзгелерге көмектесіп жүр. Бұл барлығымызға үлгі.

Пандемия уақытында қоғамдық бірлестіктің еріктілері 12 мыңнан аса отабасына көмектесті. Оларға 140 миллион теңгеге азық-түлік сатып алынған. Әлеуметтік қолдауға  мұқтаж жандардан әлі де өтініштер түсуде. Ал, жаңажылдық сыйлықтарды волонтерлер түнге дейін таратады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Анастасия Вылегжанина, Абен Нарымбаев

Хабар 24 телеарнасы