Биыл Қызылқоға ауданында сегіз әлеуметтік жоба жүзеге асты

Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданында 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 8 әлеуметтік жоба жүзеге асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде 550-ден астам адам жұмыс тапты. Жалпы сәуір-тамыз айларында елдегі пандемияға байланысты аудандық жұмыспен қамту орталығына ресми тіркелген адамдарға қаржылай қолдау көрестілген. Бұл мақсатқа 31 млн теңге қаралып, әр жұмыссызға 55 мың теңгенің көлемінде төлемақы жасалды. Былтыр Қызылқоға ауданы бойынша жүзеге асқан түрлі құрылысқа негізінен жергілікті тұрғындар тартылды. Олар биыл да жұмыстарын жалғастырады.

Нұрлан Бекешов, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Жамансор елді мекеніндегі кірме жолды жасақтау, Мұқыр округіндегі 424 орындық жаңа мектеп құрылысы, Сағыз округінде жаңадан қазылып жатқан 3 ұңғыманың құрылысы. Міне, осындай тағы да басқа құрылыс жұмыстарында біздің аудан бойынша барлығы 551 жұмыс орны құрылды. Оның 277 адамы осы орталыққа ресми тіркелген жұмыссыздар.