2030 жылға таяу Алматы халқының саны 2 млн 400 мың адамға жетеді – Мамандар

2030 жылға қарай Алматы халқының саны 2 миллион 400 мың адамға жетеді деген болжам бар.

Бұл туралы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов мәлімдеді. Қазір халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында шаһардың бас жоспары әзірленіп, қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Өткен жылы Алматы агломерациясының 2030 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді. Бірінші кезекте қаланың шет аудандарындағы және солармен шекаралас жатқан Алматы облысына қарасты елді мекендердегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге басымдық берілген. Бас жоспарды жүзеге асыру үшін бір триллион теңгеге жуық ақша керек.

Басқарма жетекшісінің айтуынша, бұл бюджет ақшасы жұмсалады деген сөз емес, жалпы инфрақұрылымның құны.  

Алмасхан Ахмеджанов, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының жетекшісі:

- Бас жоспар көрсетіп отыр қанша жол салу керек, қай жерде жол салу керек. Сол шартты есеппен сондай баға шығарылады. Біз әлі экспертизаға кіргіземіз. Экспертизада кәдімгідей оның бағасын шығарып береді бізге. Бас жоспар осы жылы 2021-де қабылданады. Бірақ біз оның алдында халықпен келісіп, экспеттермен келісіп осы жерде дұрыс бір құжат шығарғымыз келеді.

Алматыда бұзылған, бірақ жер телімі бос тұрған тарихи ғимараттар қалпына келтіріледі. Алдымен жоба мүдделі тарап пен тұрғындар талқысынан өтеді. Тарихи ғимараттардың сыртқы келбеті, тіпті биіктігіне дейін бұрынғыдай болады. Бірақ ол кеңсе бола ма, мектеп немесе тұрғын үй бола ма оны кәсіпкердің өзі шешеді. Алдымен бұрынғы Сәулетшілер үйі мен Геология институтының бір ғимаратын қалпына келтіру жоспарланып отыр.