420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қордайда 125 отбасыға баспана берілді

  • 107
  • UPD: 19:53, 01.01.2021

Жамбыл облысында 125 отбасы жаңа жылды өз шаңырағында қарсы алды. Қордайда көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пәтер кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Бірінші кезекте аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен бюджеттік мекеме қызметкерлері баспаналы болды. Сонымен қатар Отарда автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылып, аудандағы 5 ауылға көгілдір отын келді.

Пайдалануға берілген 60 пәтерлі екі үй «Батыс» тұрғын үй алабында тұрғызылды. Арнайы баспана кезегіндегі қордайлықтар үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында салынды. Тұрғын үй аумағы толығымен абаттандырылып, сумен, электр және газбен қамтылған. Жаңа жыл қарсаңында пәтер кілттері табыс етіліп, 120 отбасы қоныс тойын тойлап жатыр. 

Бұдан бөлек жергілікті кәсіпкерлер «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 5 пәтерлік коттедж типті үй салып берді. Ол үйлер аз қамтылған көп балалы отбасыларға табыс етілді.

Раушан Қожамқұлова, көп балалы ана:

- Бүгін қуанышымызда шек жоқ. Әйтеуір арманымыз орындалды ғой. Көршілермен енді танысамыз. Көп балалы аналар бар екен...

Қордайлықтар үшін биылғы жылдағы ең негізгі жаңалық табиғи газдың тартылуы болды. Ауданда автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Сағатына 15 мың текше метр газ өткізуге қауқарлы. Бұл Отар аумағындағы 47 мың халық тұратын 12 елді мекенді газбен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Жаңа жыл қарсаңында 5 елді мекенге газ кірді.

Гүлайша Кенен, Кенен ауылының тұрғыны:

- Көп-көп рақмет айтамыз. Айтқан уәделеріңізде тұрып, осындай жақсылықтарға жетіп жатырмыз. Келе жатқан жаңа жылда осындай бір кереметтей жаңалыққа бөленіп жатқан жайымыз бар. 

Жыл басында ауданның газбен қамтылу көрсеткіші 47 процент болған. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен 22 елді мекенге көгілдір отын жеткізіліп, қазір 95 процентке жетіп отыр.

Құдайберген Қорғанбаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Газдандыруға 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда аталған барлық 12 елді мекенге жеткізетін газ құбыры толыққанды тартылған. Сонымен қатар ішкі тарату жүйесі де газ құбырлары тартылу үстінде. Жұмыстар әлі де жалғасып келеді. 

Сондай-ақ Отарда тағы бір спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Бұл өңірде биылға жоспарланған 13-спорттық кешен. Бұдан бөлек 92 спорт алаңшасы салынды. Барлық нысандар бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындар үлесін арттыруға бағытталып отыр.

Авторлар: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы