Түркістан облысындағы ауылда көп қабатты үйлер жаңартылады

Темірлан ауылындағы 25 көп қабатты тұрғын үй орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылып, терможаңартудан өтеді. Салынғанына 40 жылдан асқан 2 қабатты баспаналар әбден ескірген. Бұрын бұл үйлердің ауласында ойын алаңы да болмаған. Жақында абаттандырылып, спорт алаңдары салынды. Түркістан облысының Ордабасы ауданында 14 елді мекенді орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамту жұмыстары қолға алынды.

Бұл Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылындағы «Черемушки» мөлтек ауданы. Мұнда 25 көп қабатты тұрғын үй орналасқан. Жақында абаттандыру жұмыстары жүзгізіліп, 120 млн теңгеге 4 спорт және балалар ойын алаңшасы салынды.

Сәуле Ербосынова, Темірлан ауылының тұрғыны:

- Бұрын бізде мұндай ойын алаңы болған жоқ. Мына жердің бәрі қоқыс, балалар сонда әркімнің тастаған затымен ойтайтын. Жақсы алаңша салып берді. Жарық келді, жолымыз төселді. Балаларымыз осы жерде ойнайды. Бізге енді керегі, орталықтандырылған кәріз жүйесі болса барлық үйге.

Бұл үйлер өткен ғасырдың 80-жылдары пайдалануға берілген. Ол кезде орталықтандырылған кәріз жүйесі болғанымен тоқырау жылдары әбден ескіріп, істен шыққан. Одан кейін әркім өз бетінше тұрғын үй ауласынан жеке-жеке кәріз құбырын қазып алған. Алайда тұрғындар жаз айларында жағымсыз иіс қолқаны қабатынын айтады.

Арман Ысқақов, Ордабасы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бұл жерді орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу бойынша жобалық сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Жаңадан салынып жатқан «Самал-1», «Самал-2» мөлтек ауданы бар. Ол жақ та қамтылатын болады. Ендігі жылға сараптамалық құжаттама өтеді. Оны облыстық салалық басқармаға ұсынмыз, құрылыс жұмысын жүргізуге. Орталықтандырылған кәріз жүйесі орнатылатын болады.

Сонымен қатар бұл үйлердің барлығы терможаңартуды қажет етеді.

Жауапты сала мамандарының айтуынша, жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, тұрғындарымен кездесу өткізілген. Барлығы келісімін де беріпті. 2021 жылы алғашқы 4 үйді жаңарту жұмыстары басталады деп күтілуде.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы