418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аңшылық маусым басталғалы су айдындарында 21 адам көз жұмды

  • 136
  • UPD: 22:26, 01.01.2021

Аң және балық аулау маусымы басталғалы елдегі су айдындарында 21 адам көз жұмды. Арасында кәмелеттік жасқа толмаған балалар да бар. Қайғылы жағдайларға қарапайым қауіпсіздік ережелерін білмеу және сақтамау себеп болған. Қыстың күні адамдар қандай ережені ескеруі керек? 

Бұл 9 желтоқсан күні Қызылорда облысының Арал ауданында болған қайғылы жағдай. «УАЗ» көлігімен балыққа шыққан жеті адамның төртеуі үйіне оралмады. Олар көл үстінде көлікпен келе жатқанда мұз жарылып, автокөлік суға батып кеткен. Үшеуі аман қалды. Төрт адам бақилық болды. Сырғанақтың қызығына беріліп, мұздың жұқалығын балалар да ескере бермейді.

Талғат Уәли, ҚР ТЖМ ресми өкілі:

- Кәмелетке толмаған болмаса әлі ақыл тоқтатпаған ойын балаларын әсіресе қараусыз қалдыруға болмайды. Мысалы, биылдың өзінде 5 бала мұздың үстіне шығып ойнап, сырғанақ теуіп, мұздың төзімділігін тексереміз деп секіріп, мұздың астына кетіп қайтыс болып жатқан жағдай жиі кездесіп жатыр. Жуырда ғана Жамбыл облысының Үлгілі деген ауылында 2014 және 2016 жылғы екі бала суға кетіп қайтыс болды.

Мамандардың айтуынша, қалыңдығы 10 сантиметрлік мұз тек бір адамды ғана көтереді. Ал көл үстінде көлікпен жүру үшін мұз 30-40 сантиметр болып қатуы тиіс. Сондай-ақ балықшылар өзімен бірге суға батпайтын жейде, 10-12 метрлік арқан және ұзын таяқ алып жүруі тиіс. Осындай қарапайым ережелерді халыққа жетукізу үшін құтқарушылар төрт жарым мыңнан астам рейд өткізген. 18 мыңдай нұсқаулық таратты. Елордалық құтқарушылар мектеп оқушыларымен онлайн кездесу өткізіп, нұсқаулық берген.

Нұрзат Бөрібаев, қалалық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері:

- Онлайн режимде мұз үстіндегі қауіпсіздік бойынша 30 сабақ өткізілді. Сабақ өткізу барысында 3400-ге жуық оқушы қамтылды. Сондай-ақ аңшылық дүкендер мен балық аулау орындарында 25 рейдтік жұмыстар жүргізіліп, 700-ден астам жадынама мен буклет таратылды.

Елордада соңғы екі жылда мұз үстінде жүрген адамның суға кету дерегі тіркелмеген. Десе де, алдын алу жұмыстары жалғаса береді. Себебі қауіпсіздік ережелерін әрқашан сақтау өміріңді сақтаумен тең.

Авторлар: Талғатбек Әбдіқожа, Жандос Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы