Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында көп қабатты үйлер салына бастады

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында алғаш рет кезектегі азаматтарға тұрғын үйлер салына бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аудан орталығы – Құлан ауылында соңғы жылдары баспанаға сұраныс артқан. Ауылдағы баспана мәселесі 15 жыл бойы көтеріліп келеді. Жұрт бұған дейін үй кезегіне жазылып, тіркелгенмен коммуналдық қорда пәтер жоқ. Енді бұл мәселе мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында шешілмек.

Алтынкүл Демесінова – бес баланың анасы. Ол 15 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келеді. Құлан ауылының тұрғыны баспана кезегіне алғаш болып тіркелгендердің қатарында. Көп балалы ана үй салынып жатқанын естіп, ерекше қуанып үміттеніп жүр. Құрылыс басына қайта-қайта барып, жұмыс барысын көріп кетеді.

Алтынкүл Демесінова, Құлан ауылының тұрғыны:

– Ауданымызда үй салынып жатқаны жақсы болды. Арасында келіп, үйдің сапасын біліп кетіп отыратын болдық. Қуаныштымыз. Осы үйді армандап күттік. Біраз жыл болды күткенімізге.

Тұрар Рысқұлов ауданында 2006 жылдан бері пәтер кезегі мүлдем жылжымаған. Оған себеп коммуналдық тұрғын үй қорында үй жоқ. Ал баспанаға сұраныс жыл санап артып барады. Қазір кезекте тұрған адам саны мыңнан асып кетті. Бұл мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлініп тұрғын үйдің құрылысы басталды.

Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Құрылысшылар үйдің іргетасын құйып, қазір жертөлесінің қабырғасын қалап жатыр. 2021 жылы жаз айларында бұл жерде 80 пәтерлі көпқабатты үй тұрғызылып, кезекте тұрған азаматтарға пайдалануға беріледі.

Бес қабатты үй «Арай» тұрғын үй алабында салынып жатыр. Жоба өтпелі. Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылған.

Дәурен Елдесбаев, құрылысшы:

– 35 адам жұмыс істеп жатыр. Әрі қарай адам санын көбейтеміз. Жұмыстың қарқынына қарай. 200 адамға дейін болады. Қазіргі уақытта бетон жұмыстарының 10 проценті бітіп қалды.

Жоба «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. 2021 жылы мұнда тағы бір үй салынып, 160 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.

Ерболат Садырқұлов, Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі:

– Халықтың 50 процентке жуығы тұрғын үй мәселесін көтереді. Бүгінгі таңда ауданда осы күнге дейін бірде-бір тұрғын үй құрылысы жүрмеген. Тұрғын үй қатынастары туралы заңның аясында халыққа үй кезекпен беріледі. Оның өзінің 7 категориясы бар. Міне, біз осы мәселені қолға алып, екі 80 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің жобасын жасап мемлекеттік сараптаманың оң қортындысын алдық. Бюджетті нақтылау кезінде бюджеттік өтінімді өткіздік.

Бұдан бөлек, ауданда «Асарлатып үй салу» жобасы жақсы нәтиже беріп отыр. 2020 жылы 15 ауылдық округте баспанаға аса мұқтаж отбасыларға 18 үй салынған. Бұл дәстүр әрі қарай да жалғасын таппақ. 

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев