СҚО-да әрбір екінші әйел кәсіппен айналысады

Қазір өңірде шағын және орта бизнес саласында 13 мыңдай нәзік жанды еңбек етіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Галина Воробьёва – Тимирязево ауылындағы алғашқы кәсіпкерлердің бірі. Ол осыдан 30 жыл бұрын аудан орталығында шағын дүкен ашқан. Қазір құрылыс маркеті, қонақ үйі мен демалыс кешені бар. Табыстың сыры еңбекте дейді нәзік жан.

Галина Воробьёва, кәсіпкер:

- Иә, мен еңбекқормын. Тәулігіне 24 сағат жұмыс істеймін. Жалқау адамға бәрі де қиын. Өзім ерінбеу керек деп санаймын. Сонда ғана жетістікке жетесің. Осылай еңбек етіп, мағыналы өмір сүргім келеді.

Солтүстік Қазақстан облысында Галина секілді табысты әйелдер өте көп. Олар нарықтың сан саласын игеріп, ер азаматтармен бірге бәсекеге түсіп жүр. Дені сауда саласында еңбек етеді. Өндіріске бет бұрған бұрымдылар да баршылық.

Медет Оспанов, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

– 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін «Кәсіпкерлікті дамытудың жол картасы» бойынша 97 жобаға қатысқан. Ол 8,3 млрд теңгеге несие алған. Одан бөлек, бүгінгі күні «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша да белсенді қатысады. Оның ішінде 20 жобада осы әйел азаматтар қатысып отыр.

Өңірде кәсіпкер келіншектердің қатары арта бермек. Биыл облыста «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 500-ге жуық әйел оқып шықты. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев