Қызылордалық оқушылар «ақылды» жылыжай құрастырды

Қызылордалық оқушылар көкөніс бағасын арзандатпақ. Қалай дейсіз ғой?

Олар «ақылды» жылыжай құрастыруға кіріскен. Осылайша, сырттан тасымалданатын өнім көлемін азайтуға өз өнертабыстары арқылы ықпал етуді көздейді. Әзірге кешеннің шағын моделін құрастырып, алғашқы өнімді жинап та үлгерген.

Нұрлан Жақыпбековті тыңдайық.

- Тоғжан мен Жұлдызай ойдағы арманын іске асыру үшін 1,5 жылдай ізденіпті. Олардың қағаз жүзіндегі жобасы қазір іс жүзінде сынақтан өтіп жатыр. Мына шалғын мен жалбыз айтулы ғылыми жобаның алғашқы жемісі. Яғни адам еңбегін барынша азайта отырып, автоматты құрылғылардың көмегімен өсірілген.

Тоғжан Марат, оқушы:

- Яғни температура немесе ылғалдылықтың мәні тым төмендеп немесе тым жоғары көрсетіп кетсе, онда ол ауытқуды дисплейге көрсетеді. Сонымен қатар топырақтың да ылғалдылығын қанша миллилитрге дейін жеткенін де көрсетеді.

Әр тамшы су мен ауаның күйін бақылайтын құрылғылар күннен энергия алады. Демек шығын жоқтың қасы. Есесіне өнім арзан болады. Дегенмен, оқушылар мұнымен тоқтамақ емес. Жетекшілерінің көмегімен әрі қарай жетілдіре түсу жоспарын құрып қойыпты.

Райхан Тәжі, биология пәнінің мұғалімі:

- Әрі қарай автоматты түрде жаңа технологиялармен дамыту мақсатымыз бар. Көмірқышқыл газын автоматты түрде анықтайтын құрылғылар, автоматты түрде егер ауытқулар болатын болса, олар өздігінен сөніп қалатын жағдайларды біз қарастырамыз. Және де осы технологияларды смартфон арқылы басқаруды алдағы уақытта жетілдіреміз деген жоспарымызда бар.

Әзірге шағын модель күйіндегі жылыжай жақын күндері Тоғжан мен Жұлдызай білім алатын мектеп ауласынан бой көтереді .

Жұлдызай Мұңайтпасова, оқушы:

- Біз бұл жылыжай арқылы болашақта мектеп жанынан поликарбонат материалынан ақылды жылыжайдың өзін құрастырып, онда осындай дәруменге толы жемістер мен көкөністерді өсіргіміз келеді. Яғни бұл жердегі мақсатымыз – мектеп асханасының мәзіріне осы дәрумендер мен минералдарды қосу.

Соңғы уақыттағы эпидемиологиялық ахуалға орай адамзаттың түрлі пайдалы дәрумендерге зәрулігі арта түскенін байқауға болады. «Демек, Қызылорда секілді климаты қатал өңірлерде шығыны барынша аз «ақылды» жылыжайларды көбейту өзекті» деп ой қорытқан дарынды оқушылар бұл бағыттағы ізденісті одан әрі тереңдете түспек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов