Оралда ат спорты мектебі сенімгерлік басқаруға беріледі

Оралда тағы бір нысан сенімгерлік басқару құқығымен кәсіпкерлер меншігіне беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған мектепті жекеге беру қарастырылып отыр.

Негізінен ат спорты бойынша маманданған мекемеге мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі сақталады. Алайда, инвестор да өз тарапынан да қомақты қаржы салуға тиіс.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған мектебінде 30 шақты Қамбар ата түлігі бар. Осы жерге келетін 70 шақты жеткіншек үшін атқа мінуден бастап өзге де қызметтер түрлері тегін ұсынылады екен.

Спорт мектебі мына ат қорамен қоса бірнеше залдан және кеңсе ғимаратынан тұрады. Аттарды тасымалдауға арналған техникалары да бар. Аумағы 6 гектар болатын кешен жеке кәсіпкерге сатып алу құқығынсыз 7 жылға беріледі. Бастапқы екі жылда инвестор құрылыс пен жөндеу жұмыстарын өз қаржысы есебінен жүргізуі тиіс.

Жеңіс Нығметуллин, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Мектепті берудегі негізгі себеп – материалдық техникалық базаны жақсарту. Негізінен ат спорты түрлері бойынша қораның жағдайын, сосын мына балалардың жаттығатын залдарын және ең маңызды мәселе көкпар алаңы жоқ. Және ат шабу алаңын салу. Осындай негізі талаптар қойылды. Ол екі жылда өз есебінен жүзеге асыруы қажет. Ат спорты бойынша білікті жаттықтырушыларды тарту. Төртінші талабымыз ауылдық жерлердегі ат спорты түрлерінен мықты жас өрендерді тарту.

Кәсіпкер сондай-ақ киініп-шешінуге арналған және жуынатын бөлмелерді, күрес пен тоғызқұмалақ залдарын да ретке келтіруі қажет. Сонымен қатар қосымша жылқылар алып, иппотерапия бойынша білікті мамандар тартуға және балалардың спорттық жарыстарға көбірек шығуын қамтамасыз етуге міндетті. Айта кету керек, қазір мұнда 75 жасөспірім ат спорты бойынша жаттығып жүр.

Ерболат Байбатыров, Ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған мектептің директоры:

- Қазақстан чемпионаттарына қатысып тұрамыз. Жарыстардан қалмаймыз және де орынды жетістіктер бар. Осы көкпар спорты бізде кенже қалып тұрған спорттың түрі. Теңге ілу, аударыспақ спорт түрлері жақсы дамыған. Проблемалар бар, ол жаңадан келген спортшыларға ат қоршауы, ағаш қоршау левада деп аталады бұл мектепте жоқ. Сенімгерлік басқаруға алып жатқан адамнан осы дамып жатқан спорт түрін әрі қарай дамытуға үлес қосады деп ойлаймыз.

Жастардың ат спортына деген қызығушылығы жоғары. «Кейде тіпті жылқылардың жетпей жататыны да рас», - дейді спорт мектебінің басшысы. Келешекте бұл нысан Мичурин ауылындағы тұрғындар атпен серуендеу үшін баратын этнотуристік кешен басшысына сенімгерлік басқаруға берілмек.

Гүлнәр Мерәлиева, этнотуристік орталықтың әкімгері:

- Өзіміздің этнотуристік кешеннен түсетін табыстың негізгі бөлігін барлық ат спорты түрлерін дамытуға және ат шабатын арнайы орын жасауға  жұмсайтын боламыз. Бәрін де өркениет талаптарына сай нағыз демалыс орнына айналдыру үшін жұмыстанамыз. Сұраныс өте жоғары, адамдар басында осынау кербез жануарларды тамашалау үшін ғана келеді. Кейін отбасымен тұрақты түрде келіп, атқа мініп, тынығып кететіні рас.

Айта кетерлігі, ұлттық спорт түрлерін дамытуды көздейтін мектепке жыл сайын 72 миллион теңге бөлінеді. «Бюджеттен қаралатын бұл қаржы көлемі сақталады және балалардың мұнда бұрынғыдай тегін жаттығуына басымдық беріледі», - дейді сала мамандары.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...