Елордада қолөнер бойжеткен спорттық ат әбзелдерін тігеді

Елордада спорттық ат әбзелдерін тігетін бойжеткен бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тамила тек қолөнер шебері ғана емес, ат құлағында ойнайтын шабандоз. Оның елде жоқ бұл өнерге бет бұруының да өз себебі бар. Өйткені бәйге, көкпар сынды ұлттық спортқа ынтық болғанымызбен, Олимпиадалық ат спорты конкурға қажет әбзелдер біздің елде жасалмайды. Қолөнер мен ат спортын ұштастырған жігерлі бойжеткен жайында арна тілшісі баяндайды.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Бұл – музей жәдігерлері емес. Тамила Ерқанат есімді жиырма жасар шабандоз қыздың коллекциясы. Асыл тұқымды аттарды шыққан тегіне, еліне қарай жіктеп, сөреге тізіп қойған. Ал мынау, өзінің қолынан шыққан ат абзелдері. Бұған таңқалуға да болмас. Өйткені Тамила ес білгелі ат үстінен түскен емес. Конкур деп аталатын кедергіден қарғу спортымен 15 жылдан бері кәсіби түрде айналысады. Сондықтан пырағына не керегін жақсы түсінеді.

Тамила Ерқанат, қолөнерші-шабандоз:

- Алдымен өзімнің төрт аяқты серігім, атымды қуантқым келген еді. Өзге аттардың қасында ерекшеленіп тұрсын деп, соған арнап әдемі бұйымдар тоқи бастадым. Осылай бәрі тоқудан басталды, одан кейін тігінге кірістім.

Тамиланың айтуынша, олимпиадалық ат спорты саналатын конкур біздің елде аса дамымаған. Сондықтан спорттық әбзелінің отандық нарықта жоқтың қасы. Сол себепті, бұл іске кіріскенде қиындыққа тап болғанын жасырмады.

Тамила Ерқанат, қолөнерші-шабандоз:

- Менде дайын сызба үлгі болған жоқ. Өйткені ол кезде ат спортына арналған әбзел сататын дүкен болмап еді. Сондықтан дайын бұйымға қарап пішетін үлгім болмады. Ең құрығанда дүкеннің әбзелі атыма келе ме, жоқ па, тіпті осыған көз жеткізудің өзі қиынға соқты. Сондықтан қолыма сызғыш алып, атымның құлағын өлшеуіме тура келді. Сондай-ақ Орталық Азия елдеріне тән аладжа деп аталатын бұйым бар. Көз тимес үшін аттың мойнына қарғыбау ретінде тағылады. Атымды үркітіп алмас үшін мойнын алдымен жіппен өлшеп, одан кейін ол жіптің ұзындығын сызғышқа салып, алғашқы қарғыбауды тоқып бергенмін.

Ол кезде Тамила небәрі тоғыз-онда еді. Дегенмен, оның алғашқы жасаған бұйымы оның болашақ кәсібін айқындап берді. Назарбаев университетінің екінші курс студенті қаржы мамандығын игерген соң халықаралық нарыққа шығатындай өндірісті дамытпақ ниетте. Әзірге өз ортасындағы үзеңгілестерінің тапсырысын дайындап жүр.

Тамила Ерқанат, қолөнерші-шабандоз:

- Қазір мысалы тоқып жатқаным, атқа арналған бас киім немесе құлаққап десек те болады. Дайын күйінде осындай пішінде болады. Тоқылған бөлігі панама деп аталады. Оны мен акрил жіптерінен тоқимын. Өйткені акрил жібінен тоқылған бұйым жуғанда отырмайды, созылмайды, түсі шықпайды. Мұндай бұйым екі мақсатта қолданылады. Мысалы, артық шуды ұнатпайтын, үркек аттар болады. Оларға құлаққаптың мына бөлігі қалыңдау етіп тігіледі. Сонда кигізген кезде қатты дыбыстан шошымайтын болады.

Ал, тоқымның астына салатын терлікке қанық түсті таңдайды. Маусымына қарай оны сырты қалың немесе жұқа матадан тігеді. Ал астарына терді сіңіретін торкөз матаны қолданады. Арасына бірнеше қабат синтепон салынады. Асыл тұқымды аттар түзде жайылатын жылқыдан қарағанда анағұрлым нәзік, ерекше күтімді қажет етеді. Көпшілік алдында өнер көрсететіндіктен, әбзелдің әсем болғаны маңызды. Әдемі үлгі жасау үшін Тамила өзіне жаздыратын журналдан қарап тігеді. Тіккен үлгілерінің бірін өзі дайындалатын атына киіп көрсетуді сұрадық. Ағылшын тұқымды Родон есімді тұлпар иесінің бұл сыйына дән риза сыңайлы.

Тамила Ерқанат, қолөнерші-шабандоз:

- Родон екеуміз үшін 2020 жыл сәтсіздеу болды. Пандемияның осыншалықты күллі әлемге жайылатынын кім білген, ия? Бірнеше сайыс жоспарланған еді. Наурыз-сәуір айларына. Олар республика деңгейіндегі спорттық жарыстар болатын. Сол сайыстарда спорт шеберіне үміткер дәрежесін қайта дәлелдеуім керек болатын. Өкінішке қарай болмады. Екі арада сәуір айында атым аяғын жарақаттап алды. Ат қорада жарақаттап алған сияқты. Ол кезде қатаң карантин енгізілген. Тіпті аттың иелерін қораға кіргізбей қойған кез еді. Оны жаттықтыруға жағдайым болмады. Өкінішке қарай мен жоқта аяғын жарақаттап алды.

Қазір Родон сауығып қалды. Тамила онымен күн сайын бес сағатқа жуық жаттығады. Әзірге уақыт барда толықтай бабына қайтып келу мүмкіндігі бар.

Тамила Ерқанат, қолөнерші-шабандоз:

- 2021 жылы наурыз-сәуірде республикалық жарысқа қатысу жоспарымызда бар. Одан кейін жазда халықаралық жарысқа қатысқымыз келеді. Әрине, індеттің беті қайтса қатысамыз. Және сол жарыстарда міндетті түрде өзіміздің формамызбен жарқырап шығамыз.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ербол Дайыров, Ержан Қанапияұлы