Елордада қаланың қарын төгуге қосымша жер қарастырылған

Елімізде қыс қаһарына мінді. Мамандар 43 градусқа дейін аяз қысуы мүмкін деп отыр. Қазгидромет 6 өңірде дауылды ескерту жариялады. Сонымен қай өңірлерде күн күрт суытады? Қаңтар мен ақпанда  қар жауып, боран соқса коммуналдық қызмет абдырап қалмай ма?

Қорған Төреқожа, тілші:

- Арқаның қысы қатты, қары қалың. Елорданы сол қардан тазалайтын 55 компания бар. Ал қаланың 40 процент аумағына оның ішінде негізгі деген көшелеріне «Астана тазалық» жауапты. Ал бұл мекеменің қарамағында бүгінде 500 техника бар.

Коммуналдық ұйым осы 500-дей техниканың 150-ін желтоқсанның соңында сатып алған. Себебі былтыр бас қалада қар дегеннің тау-тау болғанын көрдік. Сол жағдай қайталанбас үшін жасалған қамдық қой. Бірақ мыналардың жаңалары алынғанмен қар шамадан тыс жауса көшелердің сиыр жалағандай болуы екіталай.

Руслан Жүсіпов, «Астана тазалық» мекемесі бас директорының орынбасары:

- Егер қатарынан үш тәулік қар жауатын болса, ол кезде әрине қарды тазалап үлгере алмауымыз мүмкін. Ал жалпы қар түскеннен соң екі сағаттың ішінде техника, жұмысшыларымыз көшеге шығады.

Елорданы қардан тазалайтын ұзын саны 700 шақты техника мен 1500-дай адам бар. Бірақ қажет болса қатары көбейтілуі мүмкін. Сол жұмысшылардың бірі Гүлжамал Тәмел. Қолына күрек алып, сіз бен біздің жолымызды ашып жүр.

Гүлжамал Тәмел, «Астана тазалық» мекемесінің жұмысшысы:

- Біздің жұмыс 3 сменамен жұмыс істейді. Жартысы түнде кешкі 8 ден бастап таңның атысына дейін істейді. Жартысы таңның 6-сынан келіп, 3 ке дейін істейміз. Одан кейін бір ауысым 8-де келіп, 5 ке дейін істейді кештің. Шамамыз келмейді ғой, әйтпесе шамамыз келгенше тазалап жатырмыз.

Қар көп жауса шамамыз келмейді деп жатыр ғой. Ал ақпан, наурызда сол ақ ұлпа шынымен көп түсе ме? Мамандар қардың мөлшері былтырғыдай болуы мүмкін деп болжады. Аяз да күшейе түспек. 

Саида Бердібекова, Қазгидромет РМК инженер-синоптигі:

- Қаңтардың бірінші және үшінші онкүндіктерінде бірнеше суық күндер күтіледі. Сонымен қатар еліміздің солтүстік, орталық және шығыс аймақтарында ауа температурасы 20, 25 және кей жерлерінде 39, 43 аязға дейін төмендейді. Ал күндіз 20, 27 градус аязды көрсетеді. 

Техника, жұмысшыны айттық. Ал қар төгілетін полигондар қаншалықты дайын? Елордада негізгі төрт полигон бар. Төртеуіне де бейнебақылау камерасы орнатылған. Егер бұл орындар былтырғыдай толып кетсе, биыл қар төгетін қосымша жер қарастырылған. 

Қорған Төреқожа, Ербол Дайыров, Наурыз Базаров