Алматы облысының Жандосов ауылында ауыз су жүйесі әбден ескірген

Алматы облысындағы Жандосов ауылының халқы таза судың берілуін тағатсыздана күтіп жүр. Өйткені елді мекенде ауыз су жүйесі ескіріп, сүзгісі сыр бере бастаған.

Үйдегі суы тұнық емес. Мына су тұнық.  Сол үшін келеміз. 

Жандосов ауылының тұрғындары жер астынан шығатын суды күні бүгінге дейін тұтынып келеді. Өйткені елді мекендегі орталықтандырылған  ауыз су жүйесі әбден ескірген. Сондықтан қыстыгүні қатып та қалады екен.

Асхат Бачиев, Жандосов ауылының тұрғыны:

- Мұздың астына су өтсе онда жақсы болып қалады. Өтпегенше болады. Скважина емес, арықтан келеді. Трубалар ескі боп кетті қырық, қырық жылдан да асып кетті. 

Ауылдағы ауыз су жүйесін жөндеуді жергілікті билік өкілдері өткен жылы қолға алған. Соған сәйкес елді мекенге 26 шақырым құбыр төселді.  Қазір су жиналатын орын мен мұнарасы тұрғызылып жатыр. Тұрар ауылында да осындай жұмыстар жүргізілді.  

Ербол Нағашыбаев, аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясының басшысы:

- 2021 жылға жоспарда Жаңатұрмыс ауылында ауыз су ұңғымасы мен резервуарларды орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар су шаруашылығының тапсырысымен Қаскелең қаласының су құбырын салу бойынша жұмыстар ЖСҚ түзету жұмыстары жүргізілуде. Түзету жүргізілгеннен кейін құрылыс монтаж жұмыстары жүргізіліп, 24 елді мекен таза ауыз сумен қамтылады. 100 процент ауыз сумен қамтуға біз 2023 жылға дейін жоспарлап отырмыз. 

Аудандағы 47 елді мекеннің алтауында ғана канализация жүйесі бар. Оның өзінде 70 процентінің тозығы жеткен. Осыған байланысты Қырғауылдыда қалдық су құбырлары ауыстырылып, Қайнар ауылында сүзгіден өткізетін арнайы станция салынып жатыр. 

Ардақ Үкібасов, учаске прорабы:

- Бүкіл Қайнардан келген канализациялық масса осы жерге келіп құйылады. Ең бірінші емкостьқа келіп құйылғаннан кейін бірінші кезең бойынша тазаланады. Одан екінші емкостьқа құйылып, екінші кезеңнен өтеді. Негізі үш кезең бойынша тазаланғаннан кейін аяғында таза су болып шығады. Таза су ол суаруға қолданылады. Келген канализациялық масса таза су болып шығады. Бұның ерекшелігі сол. 

Биыл Шамалған станциясына құбыр тартылып кәріз сулары сүзгіден өткізіле бастайды. Ал алдағы екі жылда төрт ауылдың қалдық сулары тазартылып, қоршаған ортаны ластамайтын болады.  

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов