СҚО-да ұзаққа созылған жоба салдарынан бірнеше ауыл судан тарығып отыр

Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл және Мамлют аудандарының тұрғындары ауызсудан тарығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселені шешу үшін осыдан алты жыл бұрын Преснов топтық су құбырында жаңғырту басталған еді. Бірақ құрылыс тым ұзаққа созылып кетті. Тіпті жұмыстар келер жылы да аяқталмауы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов топтық су құбырының әбден тозығы жеткен. Сондықтан 2014 жылы қайта жаңғырту жұмыстары басталған еді мұнда. Өкініштісі сол, міне 6 жылдан астам уақыт өтті, шаруалар әлі аяқталған жоқ. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 7,8 миллиард теңге қаржы бөлініп, екі аудандағы 15 ауыл таза ауыз сумен қамтылуы тиіс болатын. Алайда бүгінде жұмыстардың тек 42 проценті ғана атқарылған.

Әділбек Әубәкіров, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Биыл шаруалар тек күзде басталды. Яғни 1,9 милилард теңгенің 375 миллионы ғана игерілді. Ал өткен жылы еш іс тындырылмай 2,9 миллирд теңгенің барлығы бюджетке қайтарылды. Мердігерлер ауысты. Тапсырыс беруші су ресурстары комитеті. Сондықтан экология министрлігі арнайы шара қолданбаса жұмыстар тағы біренеше жылға созылып кетуі мүмкін.

Алматы облысында жұмыстар кестеге сай жүргізілуде. Келер жылы Еңбекшіқазақ ауданының 76 мыңнан астам тұрғыны таза ауыз сумен қамтылады. Биыл сәуірде топтық су құбырының құрылысы басталды. Жоба құны – шамамен 4 миллиард теңге. Қаржының үштен бірі игеріліп, 30 шақырымға жаңадан құбыр төселді.

Бағлан Әбілқасымов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Су сорғыш қондырғылары толығымен сатып алынды. 700 кубтан тұратын екі резервуардың құрылыстары жүргізіліп жатыр. Қалған жұмыстар жоспарлы түрде 2021 жылға өтеді. Осы топтық су құбырына Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласы және 8 елді мекені қосылады.

Қызылорда өңіріндегі «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры 30 жылдан астам Арал және Қазалы аудандарының 160 мыңдай тұрғынының игілігіне жарап тұр. 2012 жылы бұл магистральдың екінші желісі салынды. Бұдан бөлек, былтыр облыста екі топтық су құбыры іске қосылды. Оның бірі Шиелі ауданының 8 ауылындағы 22 мыңдай халықты тіршілік нәрімен үздіксіз қамтамассыз етсе, екіншісі Жаңақорған ауданының 16 елді мекеніндегі 24 мыңдай тұрғынға ауыз су жеткізді. Ал келер жылы өңірде «Талап» топтық су желісі іске қосылмақ. 

Өмірзақ Қожақов, «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың біріккен дирекциясының бөлім басшысы:

– Бұл су құбыры негізінен осы Жаңақорған ауданының 12 елді мекенін қамтиды. Қазіргі таңда осы жобада қаралған барлығы 247 шақырым магитральды су құбыры және елді мекендердің ішкі су желілерінің бәрі қазіргі таңда жүргізіліп болды. Бұл нысанды осы алдымыздағы көктем айларында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Еліміздің батысында Сырым ауданында жалпы ұзындығы 77 шақырым болатын топтық су құбыры пайдалануға берілді. Екі жылға жоспарланған жұмыстар мерзімінен бұрын аяқталды. Тіршілік нәрі Кеңащы жерасты су қорынан тартылды. Нәтижесінде Жымпиты мен Өлеңті ауылдарына тіршілік нәрі жетті. Алайда судың құрамында темір көп, сондықтан екінші нүктедегі сорғы стансасында ол толық тазартудан өткізілмек.

Талғат Қажығалиев, «Қазсушар» РМК БҚО филиалы директорының орынбасары:

– Фильтрлері, қоспалары бәрі бар. Темірден суды жұмсартады. Кеңащы су қорында 50 жылдық қор бар. Диебеті, бәрі жақсы. Жоба бойынша есептелген, бір суткаға 1 800 куб суды бере алады. Ал қазіргі алып тұрғаны тек қана 500-400 куб.

Жалпы елімізде 2025 жылға дейін ауыз су мәселесі түбегейлі шешілуі тиіс. Осы аралықта 3 мыңнан астам шақырымды құрайтын 11 топтық су құбыры жаңартылады. Нәтижесінде таза судан тарығып отырған 87 ауыл сапалы тіршілік нәрімен қамтылады деген болжам бар.

Самат Қайырденұлы