Елордадағы үлескерлер мәселесі қашан шешіледі?

Елордада алдағы 3 жылда үлескерлер мәселесі толық шешіледі. Мұны қала әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылысы тым ұзаққа созылып, талайдан бері жыр болған «Жағалау 3» тұрғын үй кешені де пайдалануға берілді. Баспанасын сарылып күткен тұрғындардың қуанышын арна тілшісі Қорған Төреқожа жеткізеді.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Кереметін айтып, қуанышы қойнына сыймай, кейбірі тіпті жасын да тыймай тұр. «Осы күнге де жеттік» деген осы болар. Себебі, мына «Жағалау 3» тұрғын үй кешенінің құрылысы бақандай 8 жылға созылған еді. Кезінде «үйді салып береміз» деп жұртты сендіргендерге 600 отбасы ақшасын санап берген.

2019 жылы қалада құрылысы ұзаққа созылған 53 үй болған еді. Оның оны сол жылы пайдалануға берілді. Былтыр, яғни 2020 жылы тағы 20-сының құрылысы аяқталды. Осылайша, алдағы үш жылда үлескерлер мәселесі шешілмек.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

- Құрылысы ұзаққа созылып кеткен тұрғын үйлерді салып, халыққа беру үшін мемлекет қаражат бөлді. Осындай проблемалы болған үйлердің құрылысын біртіндеп болса да, бірақ толық аяқтаймыз.

***

Үй кезегінде тұрған азаматтар саны қаншалықты қысқарып келеді?

Енді кезекте тұрғандардың жайын айтсақ. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр? Бүгінде бас қалада 47 мың 700 адам үй кезегінде тұр. Ал, оларға баспана бес санат бойынша беріледі. Бірінші...

Арманай Оңғарбаева, қалалық тұрғын үй қорының баспасөз хатшысы:

- Бірінші санат ол мемлекеттік қызметкерлер. Екіншісі әлеуметтік жағынан осал топтар. Оларға тағы 10 санат кіреді осы әлеуметтік жағынан осал топтарға. Ол толы емес отбасылар, бірінші, екінші топтағы мүгедектер, зейнеткерлер. Үшінші санат жетім балалар отбасылары, төртінші көп балалы отбасылар, бесінші ол авариялық үйде тұратындар. Алтыншы ол Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Бірақ кейінгісі кезекте тұрған жоқ. Бәріне берілді.

Кезек азаматтарға жалдамалы пәтер беру арқылы да қысқарып келеді. Аты айтып тұрғандай, бұл бағдарламамен сатып алған үйді атыңызға аудара алмайсыз. Бірақ пәтер жалдау ақысы өте төмен көлемде. Шамамен 15 мың теңгенің айналасында. Әр бес жыл сайын шартты созып, өмір бойы тұра беруге болады. Осындай баспанаға қол жеткізгендердің бірі – Айман Омарова. Пәтерден пәтерге көшіп, аядай жерді паналап келген.

Айман Омарова, көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері:

- Қуанышта шек жоқ. Ол жағын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өйткені қаншама пәтерде тұрдым. Менің өзімде мүгедек қызым бар. 7 баланың ішінде алтыншысы мүгедек қызым. Өздеріңіз білесіздер, әр пәтерде тұрғанда үйдің қожайындарынан сол қызымды жасыруменен келдім. Көзіме жас та алып келдім. Білдіртпей де келдім. Рахмет, шүкір. Әйтеуір өзіміздің ойымыздағыдай үй берді.

Ал, бұл ананың есімі – Камина Байболова. 10 баласы бар алтын құрсақты ана. Үй кезегінде 12 жылдан бері тұрған.

Камина Байболова, көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері:

- Батыр ана есебінде алдым. Мен 10 балалы анамын. 4 бөлмелі үй алып отырмын. 110 шаршы метр.

Қазір осы жалдамалы пәтерлердің көлемі ұлғайып келеді. Жыл сайын сатып алу құқығынсыз мыңнан аса баспана беріледі. Ал, бұл кезекті қысқартудың бір ғана жолы.

Авторы: Қорған Төреқожа