418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандылық шебер төрт түліктің сүйегінен түрлі бұйымдар жасайды

  • 97
  • UPD: 09:56, 04.01.2021

Қарағандылық шебер Жомарт Мәлік төрт түліктің сүйегінен ұлттық нақышта түрлі бұйымдар жасайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның қолынан шыққан кәдесыйларға қазір еліміздің барлық өңірінен тапсырыс түседі екен. Себебі бүгінде Қазақстанда қолөнердің мұндай көне түрімен айналысатын жандар жоқтың қасы. Он саусағынан өнер тамған талантты жанмен аймақтағы арна тілшісі Ардақ Асылханұлы жүздесті.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Жомарт Мәлік алғашында ағаш пен темірден түйін түйсе, кейін мал сүйегін кәдеге жарата бастаған. Ұлттық нақыштағы мынадай керемет туындыны жасау үшін ол 10-15 күн еңбектенеді екен. Әуелі төрт түліктің қаңқасын сірке суына қайнатып, әбден кепкен соң қажет дүниесін қашап шығарады. Ерекшелігі, сүйекті ешқандай түске боямай, табиғи қалпын сақтайды.

Қолөнердің ұмыт болып бара жатқан көне түрін насихаттап жүрген Жомарт Мәлік апта сайын «Қазақтану» орталығында тегін шеберлік сабағын өткізеді. Шеберханасы «Достық үйінде» орналасқандықтан түрлі ұлт өкілдері көптеп келеді екен. Айта кету керек, ол сүйектен бөлек, былғары мен ағаштан да көздің жауын алатын көркем жасайды.

Жомарт Мәлік, қолөнерші:

- Шынымды айтсам, бұл сүйекпен айналысатын адам қазір жоқтың қасы деуге болады. Мен өзім мына Солтүстік Қазақстанда бір ағайымыз бар, сол кісіден үйренгенмін басында. Қазір соны әрі қарай дамыту үстіндемін. Осы сүйектермен айналысатын шәкірттерім бар. Былтыр ғана республикалық конкурстан екінші орын алып келді біреуі.

Шебер «төрт түліктің сүйегі ғана емес, мүйізі, тұяғы, тіпті тістері де іске жарамды», дейді. Олардан түрлі музыкалық аспаптар, ыдыс, шақша секілді тұрмысқа қажетті дүниелер жасауға болады екен.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы