СҚО-да еңбек пәнінің мұғалімі ауылына 5000 ағаш отырғызды

Солтүстік Қазақстан облысында еңбек пәнінің мұғалімі ауылына 5 мың ағаш отырғызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ермек Қасымов олардан музыкалық аспаптар да жасайды.

Воскресеновкада тұратын шебер қазір ұмыт бола бастаған қолөнер шығармашылығына балаларды баулып жүр. Сегіз қырлы, бір сырлы азаматпен аймақтағы тілшіміз Айдарбек Айтмұхамбетұлы танысып қайтты.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл Ермек Қасымовтың жәй ғана айта салғаны емес. Ол сөзін іспен дәлелдейді. Еңбек пәнінің мұғалімі ағаштан түрлі бұйым жасайды. Ұлттық қолөнер бұйымдары, тұрмыстық заттар көздің жауын алады. Мектеп ансамблі де оның музыкалық аспаптарымен ойнайды.

Ермек Қасымов, еңбек пәнінің мұғалімі:

- Біздің оқушылар, мектептің оқушылары ойнайды. Мектептің ансамблі бар. Маған мұғалім «маған да істеп берші мынандай интрументті» деді. Мен істедім. Мынадай істедім.

Мұғалімдер оны «қолы алтын адам» дейді. Ермек Қасымов жаңа жылдың алдында мектепті безендіріп, сымнан елік жасап шығарды. Бұл бұрышта оқушылар суретке түседі.

Инна Могунова, Воскресеновка орта мектебінің директоры:

- Қазір еңбек пәнінің шығармашыл адамын табу өте қиын. Әсіресе, ауылда. Ермек Қасымов өз ісін сүйетін мұғалім. Ол білгенін балаларға үйретуден жалыққан емес. Біз онымен мақтанамыз.

Шебер бұл мектепте еңбек пәнінен 22 жыл сабақ береді. Осы уақытта ол ауыл балаларын халықтық қолөнер шығармашылығына баулып, қабілеттерін ашты.

Солардың бірі – Александр Копылов. Ол есту және сөйлеу қабілетінен айырылған адамдарға арналған қолғап ойлап тапты. Оған орнатылған датчиктер әр саусақ қозғалысын оқып, әріптерді көрсетеді.

Александр Копылов, өнертапқыш:

- Менімен университетте мүлдем естімейтін, сөйлемейтін бір бала оқыды. Ол бізбен сөйлесуде қатты қиналатын. Айтайын дегенімізді қағазға жазып беретін едік. Сондықтан осындай қолғап жасауға бел будым. Бәрі таңқалды. Қолымнан келді.

Еңбек пәні Александрға түбі керек болды. Ол мемлекеттік бағдарламаға қатысып, лазерлі станок сатып алды. Қазір түрлі кәдесыйлар жасап сатады. «Оған Ермек ағайдың да үлесі тиді», - дейді жас жігіт.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Еңбек пәнінің мүғалімі елді табиғатты сүюді де үйретті. Ермек Қасымов соңғы 20 жылда ауыл бойынша 5 мың қарағай, шырша ағаштарын отырғызған. Қазір олар көшелерге көрік беріп, жайқалып тұр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов