Алматы облысының бағбандары жылыжайда қауын өсіре бастады

Жаңа дақылды егуге өнімді экспорттау кезіндегі қиындықтар себеп болған. Осыған дейін қияр мен қызанақты Ресейге жөнелтіп келгендер енді отандық нарықты игеруге көшті.

Қауын тұқымы жылыжайдың екі қатарына сынақ ретінде егілген. Жапырақ жая бастаған көшеттің күтіміне бас агроном Петр Трудников жауапты. Білікті маман жаңа дақылдың өнімділігін байқап көрмек. 

Петр Прудников, жылыжайдың бас агрономы:

- Жылыжайда қауын өсіру технологиясы Жапонияда жақсы дамыған. Сондықтан біз тұқымды сол елден алып келдік. Өзімізде өсіріп көреміз. Егер өнімді болса, осы дақылды көбірек егіп, өндірістік жолға қоямыз.

Қауыннан бөлек бағбандар көкбұрыш пен баялыш өсіре бастады. Отандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қызанақ пен қиярдың бірнеше түрін еккен.   

Абылай Нұрғожаев,  бас агрономның көмекшісі:

- Қиярымызда бізде 15 түрлі ассортимент бар. Біз 27-30 кг өнім алмақшымыз. Қызанақтан да 10-15 шақты түрін еккенбіз. Әр шаршы метрден 30-40 келі өнім алмақшымыз.

5 гектарлық жылыжайдан жылына екі мың тонна өнім өндіріліп отыр. Оның барлығы іргеде жатқан алып мегаполисқа жөнелтіледі.

Жанболат Жазылбеков, Қарасай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Алматының жанында болғаннан кейін өткізуде ондай бір қиындық жоқ. Алматыда 2 млн халық бар, Қарасай ауданында 300 мың халық бар. Ауданда үш жақты келісім шарт арқылы өткізіп беріп жатыр. Пандемиядан кейін шаруашылықтардың барлығы ішкі өнімге жұмыс істеп жатыр. Бұл жаңағы көп жылыжайлардың бәрі аграрлық корпорациядан кредит алып салынған. Оларға қазір бір жылдық каникул беріліп жатыр.

Аудандағы 5 жылыжайдан жылына 15 мың тонна өнім алынады. Сала мамандары алдағы уақытта тағы бір кешенді іске қосып, көкөніс көлемін 25 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов