Атырау облысында қос бірдей ауыл ауыз судан тарығып отыр

Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының орталығы Миялы мен Жангелдин ауылы ауызсудан тарығып отыр. Өйткені су ұңғымалары мен құбырлар тозған.

Жағдайдың қиындағаны соншалық жаздың өзінде ауыз су сағаттап, кестемен беріледі. Су болмған соң жергілікті жұрттың мал ұстауы да қиын. 

Миялы ауылында тұратын Жаңбырбаевтар отбасының 6 сауын сиыры бар. Одан артық мал ұстауға су жетпейді. Тіпті ауыз судың өзі сағатпен беріледі.

Махамбет Асқарұлы, Миялы ауылының тұрғыны:

- Жалпы күндегі тірліміз осы. Сиырларды күніне бір рет суарамыз. Сиырларымыз күніне 6 шелек су ішеді. Қойлар қырда. Оларды су жетпегендіктен алмаймыз.

Бастауын Мұғалжар тауынан алатын Ойыл өзенінің тасымай қалғанына биыл 2 жыл. Бұрын көлтабаннан шөп шауып, өзен суын мал мен бақшалыққа пайдалынып келгендер сансырап қалған. Жаз айларында өлшеп берген су бүркуге де жетпейді.

Жаңбырбай Ақтаев, су шаруашылығының ардагері:

- Графикпен беретін болды. Жазда таңертең береді де кешке дейін тоқтатып қояды. Тайойғаннан төрт скважина қазады деп естіп едік. Соның суы жақсы дейді. Зерттегендер айтады ауыз судың қоры көп деп.

Бұған дейін Миялы мен Жангелдин селоларын ауыз сумен қамтып келген «Қарасу» су торабының қоры да таусылуға таяған. Бұрын екі ауылға 6 ұңғыма болса, қазір оның екеуі судың сарқылуына байланысты істен шыққан.  

Ерболат Иғали, Қызылқоға аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:

- 4 скважинаның суы Миялы, Женгелдин  халқына жетпей отыр. Жаз мезгілінде аудан халқы суды көп мөлшерде пайдаланып отыр. Бұл Қарасу учаскесі 2026 жылға дейін берілген. Тәулігіне 345 текше метр.

Климаты қатал, жазының өзі 8 айға созылатын аудан үшін су мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Жергілікті билік қолда барды ұқсатып жатырмыз дейді. 

Нұрсұлтан Бисембиев, Қызылқоға ауданының әкімі:

- Мамырдан бастап күздің алғашқы айларына дейін суды сағаттап беріп келген болатынбыз. Қазіргі таңда осы мәселені шешу бағытында «Тайсойған-Миялы» топтық су құбырын тарту үшін жобалық сметалық құжаттама жасақталып жатыр. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Ұзындығы 50 шақырымнан асатын «Тайсойған-Миялы» су құбырының құрылысы осы жылы басталып, жылдың аяғына дейін аяқталуы тиіс. Сол кезде 10 мыңнан астам тұрғыны бар Миялы, Жангелдин селоларының тұрғындары ауыз сумен толықтай қамтылатын болады.

Жаңадан барланған «Тайойған» су торабының қоры шамамен 19 млн текше метр деп болжаныпты. Қазір осы тораптан ауданның 4 елді мекені су алып келеді. Тайсойған су қоры негізінен Ойыл өзені суымен қорекетенеді. Соңғы екі жыл қатарынан болған құрғақшылық малды да  жанды да қинап жіберді. Ендігі үміт көршілес Ақтөбе облысынан бастау алатын Тайсойғанда қалып отыр. Алайда судың да сұрауы барын ескерсек, ортақ қазанға құйылатын қазынамызды көздің қарашығындай қорғайтын кез жеткен секілді. 

Авторлар: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов