БҚО-да барлық жылжымайтын мүлік ғарыштан қадағаланады

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында аймақта арнайы геоақпараттық портал ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сандық жүйе арқылы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және жеке тұрғын үй құрылысына қатысты жер телімдерін тетікпен тексеруге мүмкіндік туды. Сонымен қатар порталда су айдындары, пайдалы қазбалар, жолдар, елді мекендер шекарасы, аудандар мен қаланың бас жоспары көрсетілген. Әр мезгіл сайын ғарыштан суреттер түсіріледі. Енді игерілмеген жерлерді анықтауға, құрылыс қарқынын бақылап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жол ашылды дейді мамандар. Соңғы 2 жылда өңірде 920 мың га жер пайдаланылмағаны анықталды. Жалқаулық танытқан фермерлердің біразы ескертуден соң нәтиже шығарды. 116 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұрын осындай мониторинг жұмыстарын жүргізуге бірнеше күн кетсе, енді санаулы минутта атқарылады.

Мұрат Өмірәлиев, жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Геоақпараттық порталдың 62 тақырыптық қабаты ішіне енгізілді. Интеграциядан өтті мекенжай регистрі бойынша, сонымен қатар жылжымайтын мүлік және жеке тұлғалардың мемлекеттік деректері тізімімен интеграция жасалды. Бүгінгі күнде пайдаланылмай жатқан 300 мың га жер бар. Жергілікті атқарушы органдар жұмыстарды атқаруда.