Жамбыл облысында ауыл оқушылары жылыжай өсіру ісін меңгеруде

Жамбыл облысында ауыл балалары жылыжай өсіру ісін мектеп жасынан меңгере бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тың жоба Тұрар Рысқұлов ауданында жүзеге асып жатыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында арнайы жылыжай салынып, оқушыларға берілген. Ерекше бастама жергілікті жеткіншектердің агро салаға қызығушылығын арттырып отыр. Жас натуралистер алғашқы өнімдерін жинап үлгерді.

Құлан ауылындағы жылыжай Жас натуралистер станциясының жанынан салынған. Ал жайқалып өсіп тұрған мына қиярды оқушылардың өздері баптап өсірген. Мұнда жасөспірімдер биология-экология бағытында білім алып теорияны тәжірибемен ұштастырады. 9-сыныптың оқушысы Фариза Асқаралы аптасына 2 рет келіп бақылап кетеді. Артық өскіндерді кесіп, жекелеп көшеттейді.

Фариза Асқаралы, оқушы:

– Егер осындай өсімдік кезінде егетін болсақ, жерді алдымен қазып аламыз да, өсімдікті жерге орнатып оның үстін топырақпен жабамыз. Топырақ тығыз болмауы керек. Ара қашықтығын 40 сантиметрден егіп отырғыздық, енді осы жердің ылғалдылығын тексереміз.

Мұнда оқушыларға ғылыми жұмыспен айналасуға толық мүмкіндік бар. Жас натуралистер мектепте кітаптан оқығандарын осы жерде іс жүзінде көреді. Биологиялық процесті бақылап, танысып үйренеді. Оған тәлімгерлер бағыт-бағдар береді.

Айбек Зият, биолог:

– Температурасын және ылғалдылығын өздері жетік бақылайды. Оны бізде дәптерге түрту арқылы өздеріне қажет мамандық есебінде алатын болады. Олар осы жерден құр оқып біліп қана қоймай, өздеріне тәжірибе жинап келешектегі болашақ мамандықтарының бастауы осы мекемеден басталатын болады.

Жас натуралистер станциясында 33 түрлі секция жұмыс істейді. Барлығы биология-экология саласына бағытталған. Жылыжай «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында салынды. Жоба құны – 9 миллион теңге. Қазір 1300-ге тарта жасөсіпірім тәрбиеленіп жатыр. Мұнда оқушылар індетке байланысты онлайн оқуға көшкен. Алайда 2-3 оқушыдан бірігіп, арасында бақылап кетуге рұқсат етілген.

Ауыл оқушылары алғашқы ғылыми жұмыс ретінде қиярды таңдап алған. Оны өздері дән кезінен егіп, көшеттеп, жекелеп, күтіп баптаған. Енді екі жарым ай өткеннен кейін қазір алғашқы өнімдерін жинап алып жатыр. Бұл жерден жас натуралистер 700 келіге дейін өнім жинап алмақ. Қаңтар айында толық жинап біткеннен кейін жерді қайта қопсытып, өңдеп орнына маусымдық гүл көштеттері отырғызылмақ.

Тәлімгерлер бастапқыда 2 мың түп маусымдық гүл егіп көрмек. Оны күтіп баптауға оқушылар жұмылдырылады. Сәтті шықса өсіп шыққан гүлдерді ауыл көшелері мен мектеп аулаларын абаттандыруға тегін таратылады.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә