420,18 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жануарларға қатыгездік жасағандардың екі жылға дейін бас бостандығы шектелуі мүмкін

  • 113
  • UPD: 16:25, 05.01.2021
Жануарларға қатыгездік жасағандардың екі жылға дейін бас бостандығы шектелуі мүмкін

Қазақстанда жануарларға қатыгездік көрсеткен адамдардың екі жылға дейін бас бостандығы шектелуі мүмкін.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде брифингте айтылды, деп хабарлады Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

«Адамдар тарапынан жануарларға не үшін қатыгездік жасалатыны түсініксіз. Бұл ақтауға келмейді. Күн сайын әлеуметтік желілерде ақылға сыймайтын әрекеттер жарияланып жатады. Аққуды тұншықтырып, итбалықты ұрып, итті қорлап жатқанын көрдік. Бұған ұқсас фактілер көп. Сондықтан жазаны күшейту қажет», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сондықтан министрлік бүгінде Қылмыстық кодекстің 316 «Жануарларға қатыгездік жасау» бабы бойынша жазаны күшейтуді ұсынды.

«Айыппұл ұлғаяды және бас бостандығын шектеу жазасы енгізілуі мүмкін. Заң жобасы жақында Мәжіліске жолданды. Бұдан бөлек депутаттармен, жануарларды қорғаушылармен бірге Жануарларды қорғау туралы Заң жобасы әзірленді. Оның жүзеге асуы жануарларға адамгершілікпен, жауапкершілікпен қарауды қамтамасыз етеді. Түрлі санаттағы жануарларға қарау бойынша жалпы және арнайы талаптар бекітіледі. Сонымен бірге жануарларға жасалған кез келген қатыгездік әрекетке қатысты жауапкершілік ілеспе заңда қарастырылған», - деп айтты министр.

Атап өтейік, жаңа құжатта жабайы, үй, қызметтік және ауыл шаруашылығы жануарларына жасалатын қатыгездіктің алдын алу шаралары толық қаралған. Жануарларға ветеринарлық көмек, тиісті күтім жасау, ойын-сауықтық мақсатта пайдалану ережелері бекітілген. Ал жануарларға қатыгездікті насихаттауға тыйым салынған.

Хабар 24 телеарнасы