М.Мырзағалиев: Елорданың ауасы 2022 жылы тазарады

2022 жылы елорданың ауасы тазарады.

Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев брифинг барысында осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, келесі жылыту маусымында елордалықтардың басым бөлігі үйлерін көмірмен емес, газбен жылытады. Қазір қалада шамамен 300 үй газға ауыстырылды. Тағы 1 мың баспана иесі қажетті техникалық шарттарын қолға алды. Алайда жеке сектор тұрғындарының көбі биыл газға ауысуға дайын емес. Себебі олар қыс басталмас бұрын жылыту маусымына жеткілікті мөлшерде көмір сатып алған. Соны бітіргеннен кейін ғана азаматтар газды пайдалана бастайды. Сондай-ақ шаһардың жылу электр орталықтарын газбен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді жүріп жатыр.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Қалада газ тарататын 300 шақырымнан астам құбыр салынған. Біз елордалықтарға 1 мың техникалық шарт беріп үлгердік. Газға ауысуға тағы бірнеше мың өтініш түсті. Қазір шаһардағы жылу электр орталықтарының 4 қазандығы газбен жұмыс істеп жатыр. Қалғаны жыл соңына дейін  ауыстырылады. Нәтижесінде келесі жылыту маусымында қаланың ауасы айтарлықтай тазарады деген сенімдеміз.