Павлодар облысында аяз салдарынан өрт оқиғалары көбейді

Павлодар облысында саршұнақ аяз салдарынан өрт көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы мерекелік төрт күннің ішінде 20-дан астам оқыс жағдай тіркелген. Олардың біреуі қайғылы оқиғамен аяқталды. Мереке күндері төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдарына 52 шақырту түскен.

Нәтижесінде 120 арнайы техника мен 500-ге жуық маман жұмысқа тартылды. Жыл басынан бері 20 өрт оқиғасы тіркелді. Олардың басым бөлігі жекеменшік секторларда болған. Сонымен қатар сегіз жеңіл көлік қызыл жалынға оранған. Мамандардың айтуынша, қатты аязға байланысты жекеменшік тұрғын үйлер орналасқан көшелерде бақылау күшейтілді. Баспаналар қатты отынмен жылытылатындықтан, оттың тұтануы әбден мүмкін. Себебі, тұрғындар пештерін күні-түні жағуға мәжбүр. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамау да оқыс оқиғалардың негізгі себебінің бірі.

Алексей Двинянин, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Демалыс күндері мамандардың барлығы күшейтілген режимде жұмыс істеді. Себебі, күн күрт суытты. Он өрт оқиғасы пештерді дұрыс пайдаланбау салдарынан пайда болды. Жылыту құралы үздіксіз пайдаланылып жатады. Егер пеш мұржалары тазаланбаса, улы газдың шығуы да ықтимал. Мереке күндері 8 жеңіл көлік жанып кетті. От қысқа тұйықталу салдарынан болды.