ШҚО-да үсік шалып, ауруханаға түскендер саны көбейіп кетті

Елдің біраз аумағын аяз буып тұр. Шығыс өңірде сынап бағаны 43 градусқа дейін төмендеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бес күннен бері аяздың сынатын түрі жоқ. Үсік шалып, ауруханаға түскендердің де қарасы көбейді.

Күннің суығынан дизельді жанармаймен жүретін автобустар от алмай қалды. Оны такси жүргізушілері пайдаға жаратып, қызмет бағасын үш есеге дейін көтеріп жіберген. Бұл күндері полицейлер күні-түні кезекшілік етіп, жолда қалған адамдарға көмек көрсетумен болды. Жалпы жыл басынан бері 14 адамды үсік шалды.

Мейірбек Нұрекенов, қалалық ПБ ЖПҚ бөлімінің бастығы:

- Қалалық полиция басқармасының жеке құрамы күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Республикалық жолдарда 5 жүргізушіге көмек көрсетілді. Бәрі де аман-есен қалаға жеткізілді.

Ал Өскеменде соңғы 5 тәулікте оннан аса адам үсік шалып, ауруханаға жеткізілген. Олардың көбі үй-күйі жоқ қаңғыбастар. Тіпті кейбіреулері  өткен жылы да аязда қалып аурухана түскен. Арасында Жаңа жыл мейрамы кезінде ішімдік ішіп, аязды аңғармай далада ұзақ жүргендері де бар. Дәрігерлер тойлатып жүріп тоңғанын сезбей қалған бір-екі азаматтың аяқ-қолын кесіп тастауға  мәжбүр болған. Ал шығыстың кейбір солтүстік аудандарында сары аяздың күші -46-48 градусқа дейін жетсе, күндіз -38-40 тан түспей тұр. Сондықтан дәрігерлер халыққа өте абай болуды ескертеді.

Еркін Дүйсекин, облыстың бас травматологы:

- Тек қаланың өзінде соңғы бірнеше күнде денесінің әр жерін үсік шалған 5 адам түсті. Аудандардағы жағдайда мәз емес. Бір тәулікте кем дегенде 2-3 адам ауруханаға жеткізіледі. Зардап шеккендердің барлығы да аязда түнде далада қалғандар. Ал оның зардабы үлкен.

Ертіс өңірінің тұрғындарын да аяз қысты. Өткен демалыс күндері 16 ересек және бес баланы үсік шалды. Олардың барлығы емдеу мекемелеріне жеткізіліп, ем қабылдады. Медициналық көмекке жүгінген азаматтардың қол-аяғы және құлақтары үсіп қалған.

Асхат Мүрсәлімов, қалалық аурухананың күйік бөлімінің дәрігері:

- Үсік шалған азаматтардың басым бөлігі үйде жатып қалады. Шұғыл консервативті ем қабылдау керек. Үсік жарақаттарын алғашқы күні емдеу қажет. Әйтпесе, ауру асқынып кетеді. Сондықтан дәрігерлердің көмегіне жедел жүгінген абзал. Бүгінде Павлодар қалалық ауруханада үсіп қалған алты адам жатыр. Олардың бірінің табаны үсіп қалды. Енді 30 жастан асқан азаматқа ампутация жасауға мәжбүрміз.

Күн суытқалы бері облыс аумағында өрт оқиғалары да күрт көбейген. Соңғы төрт күннің ішінде 20-дан астам оқыс оқиға тіркеліпті. Мереке күндері төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдарына 52 шақырту түскен. Нәтижесінде 120 арнайы техника мен 500-ге жуық маман жұмысқа тартылды. Жыл басынан бері 20 өрт оқиғасы тіркелді. Олардың басым бөлігі жекеменшік секторлардан шыққан. Сонымен қатар сегіз жеңіл көлік қызыл жалынға оранған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхаммед Байділдаев