421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыдан шығаберісте санитарлық талапқа сай келмейтін балық сатылған

  • 162
  • UPD: 21:25, 05.01.2021

Жол бойында сатылатын балық санитарлық талапқа сай келмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жөнінде Алматыда арнайы тексеріс жүргізген облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесінің аймақтық инспекциясының өкілдері мәлімдеді. Тәркіленген өнімдер арасында Сорбұлақ су қоймасынан ұсталған балық та болуы ықтимал. Ал, бұл көлден балық аулауға мүлдем рұқсат етілмеген.

Алматыдан шығаберіс тұстағы жолдың бойында балық саудасы қызып тұр. Тұрпаты өзгеше алып дөңмаңдай, көксерке мен сазанға сұраныс бар. Тіпті саудагерлер таңдаған балығыңыздың қылтанағын аршып, тазалап та береді. Бірақ сатушыларда балықтың қай өзен-көлден ауланғаны туралы нақты анықтама құжаттары болмай шықты. Қала тұрғындары арасында балық Сорбұлақтан ауланып әкелінуі мүмкін деген күмәннің болуы да орынды. Өйткені Алматының кәріз жүйесінен шығатын су Сорбұлаққа жиналады.

Бұл кадрлар өткен жылы күзде түсірілген. Сорбұлақта  қайықтардың бекер жүрмегені анық. Көлден балық ауланады деген сөз. «Алайда, қатаң қадағалаудың жоқтығынан Сорбұлақтың сазаны мен өзге де балығы Алматы базарларына түсіп жатады. «Оның құрамында улы заттар көп», - дейді экологтар.

Тимур Елеусізов, эколог:

- Бұл су қоймасында улы металдар мен күкірттің мөлшері өте көп. Қанша тазартудан өтсе де, зиянды қалдықтар көлдің табанында жиналады. Онымен балықтар қоректенеді. Сондықтан Сорбұлақтың балығы мутацияға ұшырайды. Тұрпаты ірі әрі семіз келеді. Бірақ оны жеуге мүлдем болмайды.

Жол бойында дөңмаңдай мен көксерке саудасының көркін қыздырған алып-сатарлар балық Атырау мен Балқаштан деп ақталды. Алайда ешқайсысында ветеринарлық рұқсат құжаттары жоқ. Тек балықты сатып алғандары жөніндегі есеп-қисап түбіртегі ғана бар. Ал бұл заңсыз сауда саналады. Тексеріс барысында мемлекеттік инспекторлар 1 тоннадан астам өнімді тәркіледі.

Ринат Қумашев, Орман шаруашылығы  инспекциясының аға инспекторы:

- Сорбұлақ су қоймасынан балық аулауға тыйым салынуына байланысты аталған көлге балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтама және ветеринарлық құжат берілмейді. Соған байланысты ол көлдегі балықты сатуға тыйым салынған.

Жалпы өткен жылы Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясы мыңнан астам тексеріс іс-шарасын өткізген. Нәтижесінде балықты заңсыз аулап сатқаны үшін 364 дерек тіркеліп, 54 іс сотқа жолданды.

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы