Шымкентте сайлау учаскелеріндегі қауіпсіздік талаптары тексерілді

Шымкенттегі кейбір сайлау бөлімшелерінде өрт қауіпсіздігі толық сақталмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғимараттарда төтенше жағдай кезінде адамдарды шығаратын қосымша есік жоқ. Бұл туралы Абай аудандық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары мәлімдеді. Құтқарушылар №2 және №45 сайлау учаскелерінде өрт сөндіру құралының дұрыс орналастырылмағаны және бір ғана құрал-жабдықтың аздық ететіні ескертілді. Сондай-ақ қосалқы есіктер ашық тұруға тиіс. «Себебі азаматтардың бір-біріне кедергі келтірмеуі үшін қосымша есіктердің болғаны жөн», - дейді сала мамандары.

Айта кетейік, шаһарда жалпы 312 сайлау бөлімшесі бар. Оның 19-ы жабық дауыс беру орнына жатады. 

Ғалымжан Мұратов, Абай аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

- Сайлау учаскелерінде кішігірім кемшіліктер анықталды. Ол жаңағы өрт сөндіру құралдарының дұрыс ілінбегендігі болмаса эвакуациялық, яғни қосалқы шығу есіктерінің алдына кедергілер қойылғандығы. Берген ескертпелеріміз тексеру барысында толығымен орындалып жатыр. 10 қаңтар күні Төтенше жағдайлар  министрлігі мен департамент тарапынан барлық сайлау учаскелеріне біздің қызметкерлерден кезекшілер қойылатын болады. Мобильді топтар құрылатын болады.