Қостанай облысында мал ұрлығы азаймай тұр

Қостанай облысында кең етек алған қылмыстың бірі – мал ұрлығы.

Былтыр өңірде 190 осындай қылмыс тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның 59-і ғана ашылып, сотқа жіберілді. Мысалы, Ұзынкөл ауданындағы көп балалы Баймұратовтар отбасы қырықтан астам жылқысынан айырылып, жүген ұстап қалды. Үш ай бұрын жоғалған жылқылар әлі күнге табылған жоқ.

Жеті баласы бар Қанағат пен Халиданың қазіргі жағдайы жанға батады. Бір сәтте 42 бас жылқысынан айырылу нәпақасын малдан тауып отырған отбасы үшін ауыр соққы екендігі түсінікті жәйт. Олар ата кәсіпті екі жыл бұрын қолға алды. Жеңілдетілген несиеге 12 жылқы сатып алған. Ондағы ойлары қымыз өндірісімен айналысу еді.

Халида Баймұратова, Новопокров ауылының тұрғыны:

- Былтыр құлындағасын саууға үйрете бастадық. Үйретіп, енді осы шаруашылығымыз алға жүреді ме деген биыл өзіміздің ойымыз, жоспарларымыз болған. Арты осындай болып отыр.

«Новопокров ауылында малдың жоғалуы жиілеп кетті», - дейді жергілікті тұрғындар. «Тіпті ұсақ-түйекке назар аудармайтын болдық», деп отыр. Әбден басынған барымташылар өрістен үйір, табынымен айдап әкететін көрінеді.

Қайрат Ерғазин, Новопокров ауылының тұрғыны:

- Бірде менің семіз сиырым ұрланды. Табылмады. Биыл жазда 37 қойым жоғалды. Ол да кетті.Жер-көкті кезіп іздедік, ізім-қайым жоқ.

Ұрыларды іздеп табуға міндетті полицияның жұмысына мұндағы тұрғындардың көңілі толмайды. Ал құқық қорғаушылар бұл қылмыс түрінің етек алуына азаматтардың малдарын қараусыз қалдыруы негізгі себеп деп отыр.

Ерлан Шәріпов, Қостанай облыстық ПД КПБ аға жедел уәкілі:

- 190 ұрлықтың 127-сі өрісте төрт түліктің қараусыз жайылуынан болып отыр. Сосын араға 5-6 күн, тіпті бір ай салып, полицияға хабарлайды. Бұл іздестіру жұмыстарына өз қиындығын туғызады. Енді жаңадан енгізілген тәртіп бойынша бақылаусыз жүрген мал иелеріне екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатын болады.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, алдымен жеке малдарына дұрыс қарамайтын адамдарды жазалау керек. Бұл қарақшыларға тосқауыл болудың бірден бір тиімді жолы деп отыр. Ал бар малынан айырылып, қарызға батқан көп балалы ана Халида Баймұратованың көңілін жұбататындай әзірге ешқандай ақпар жоқ.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг