Қызылорда облысында кәсіпкерлік нысандары қалыпты режимге көшті

Қызылорда облысында карантин талаптары жеңілдетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азық-түлік дүкендері, сауна, сұлулық салондары, ашық базарлар мен сауда ойын-сауық орталықтары өздері бекіткен штаттық режимде жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ спорттық-сауықтыру және балалар мен ересектердің білім беру орталықтары, кинотеатрларға қойылған уақыт шектеулері алынып тасталды. Ал қоғамдық тамақтану нысандары таңғы 07:00-ден түнгі 00:00-ге дейін қызмет көрсете алады. Дегенмен, ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық жағдайда той-томалақ өткізуге салынған тыйым қаулыға сәйкес әлі де сақталады.

Динара Жаңабергенова, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

- Жабық үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондары батуттар және басқа ойын алаңдары, букмекерлік кеңселердің қызметіне, кезекші топтарды қоспағанда мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметіне рұқсат жоқ. Балаларды сауықтыру лагерлерінің қызметіне тыйым салынады. Спортшылардың ҚР тыс жерлерде оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысуы үшін шығуына тыйым салу жалғасады.