Қазақстанның тарихын әлі де зерттеу қажет – Ерлан Сыдықов

Қазақстан тарихы терең зерттеуді қажет етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің іргелі мемлекет екеніне ешкім шүбә келтірмес үшін тарихымызды көптомдық ретінде жазу міндеті тұр. Бұл туралы Еуразиялық интеграциялық институты ұйымдастырған шара барысында айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласына байланысты өткен басқосуда тарихты біріздендіру мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Қазақ елі аңсаған егемендігіне қалай қол жеткізді? Күллі әлем Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде танымас бұрын халқымыз қандай қиындықты бастан кешті? Алдағы мақсатымыз қандай? Осы сынды сауалдарға жауап сол көптомдықтың ішінен табылуы тиіс дейді Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Ерлан Сыдықов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:

– Бұл жерде осы уақытқа дейін кетіп жүрген кемшіліктің де көзін ашып берді. Ол кемшілік мынада – ғылым саласына қаражат бөлінеді. Нақты тақырыптарға тапсырма беріледі, сол атқарылғаннан кейін ғылыми топтың күшіменен, болмаса ғылыми-зерттеу институтының күшімен сол күйі қабылданады да, әрі қарай насихатталмайды, көп тарамайды. Жабулы қазан жабулы күйінде қалып қояды. Міне, осыған қатты назар аударды. Ғылыми зерттеу нәтижесі бұқараға, халыққа жетуі керек.

Роза Мұқанова, жазушы-драматург:

– Одан кейін тарихи дүниелерді, тарихи тақырыптарды қолға алуымыз керек. Кино, әдебиет жағынан. Осы мәселе де, бұл да бір қаламгерлердің алдындағы үлкен жауапкершілік деп ойлаймын.