Қарағандыдағы көпқабатты үйлердің салқындап кетуіне не себеп?

Қарағандыдағы көпқабатты үйлердің көбінде жылу мардымсыз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, соңғы 3-4 күндегі ақшұнақ аяздан пәтерлер азынап кеткен. Ең қызығы, еш жерде апат болмаған. Жылу энергия орталығы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сонда баспаналардың салқындап кетуіне не себеп?

Махамбет Темірбаев қолдағы азын-аулақ малына үш бөлмелі пәтер алып, екі ай бұрын қалаға көшіп келген. Бірақ қуанышы ұзаққа бармады. Жаңа баспанада бойы жылынар емес. Тіпті азынаған үйде жиі ауыратын болдық дейді ақсақал.

Махамбет Темірбаев, қала тұрғыны:

– Үй суық. Бала-шағам, немерелерім келіп еді, бәрі безіп кетті. Бір бөлмеде жүреміз. Міне, бәрін қойдық. Газды жағамыз, жылытатын құралдың бәрін қосып күн көріп жатырмыз. 

Ал пәтер иелері кооперативінің төрағасы Асқар Байжұмановтың айтуынша, сырттан келетін жылу мардымсыз. Тиісінше, пәтерлер де суық. Жаздай жертөледегі құбырды түгел жаңартқан, соған қарамастан температура көтерілер емес. 

Асқар Байжұманов, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

– Күзден бері, 65-тен асқан жоқ. 65 градус 10 қабатты үйлерге аз. Неге көтермейсіңдер десек, бұл сіздердің нормаларыңыз дейді.

Жылу тарататын компания магистральді құбырда шығын көп екенін мойындап отыр. Қарамағындағы 800 шақырым құбырдың 100 шақырымнан астамы мүлдем қапталмаған. Тек биыл ғана қазынадан қаражат бөлініп, 76 шақырымы қалыпқа келтірілмекші.

Сергей Викторов, жылуды тасымалдайтын компанияның техникалық директоры:

– Белгісіз біреулер қаншама құбыр қаптамасын ұрлап, темір қабылдайтын жерлерге өткізіп жіберген. Ал жалаңаш құбырда жылу сақталмайды, үйге жеткенше суып кетеді. Сондықтан біз оны басқа материалмен алмастырмақпыз. Енді құбырды жылытқанда жаңа технология қолданылады. 

Өкінішке қарай, жылу өндіретін энергия орталығында да жағдай мәз емес. Қазір олар толық қуатта жұмыс істеп тұр. Ал қала жыл сайын өсіп, жүздеген жаңа үйлер салынуда. Сондықтан 2022 жылы мұнда тағы бір турбина мен 9-қазандықтың құрылысын бастау жоспарда.

Андрей Ляпунов, энергия өндіретін компанияның бас директоры:

– Жылудың жетіспеуіне түрлі жағдайлар себеп болуы мүмкін. Негізі белгіленген параметрге сәйкес, орталықтан шығатын жылу 115 градус, ал кері қайтатын су температурасы 59 градус болуы тиіс. Ал бізге жететін су небәрі 47 градус болады. Оны қайтадан 115-ке дейін көтеру мүмкін емес. Ол үшін жылу энергия орталығының өндірістік қуатын күшейту керек.   

Сарапшы Сергей Полещук жылдар бойы қордаланған бұл өзекті мәселені кезең-кезеңімен, жүйелі түрде шешу керектігін айтады. Ол үшін осы салаға жауапты компания өкілдерінен арнайы комиссия құрып, әуелі жағдайды түбегейлі зерттеу керек дейді. Ал ең бастысы, бұл сала заңмен реттелуі қажет.  

Сергей Полещук, сарапшы:

– Қазіргі күні Қазақстанда жылумен қамтамасыз ету туралы бірде-бір заң жоқ. Яғни бақылау аз. Әркім өз бетінше әрекет етіп жатыр. Қазір біз тиісті құжаттарды әзірлеу үстіндеміз. Өзге мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, күрделі саланың жұмысын реттейтін тиімді заң жобасын жасап шықпақпыз. 

Халықтың ендігі үміті жаңа заңда. Ол шамамен алдағы екі жылда қабылдануы тиіс. Ал оған дейін тұрғындарға амалдай тұруға тура келеді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев