Елордадағы нысандарда газ баллондарын сақтау ережесі талапқа сай емес

Елімізде газға қатысты оқыс жағдайлар жиілеп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы 3 жылда 97 рет баллон жарылған. 2018 жылы 4 адам қайтыс болса, былтыр 12 адам көз жұмды. Жарақат алып, зардап шеккені қаншама. Елорданың өзінде газ баллонының жарылуы жиілеп кетті. Тұрғын үй инспекциясы, төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлерінен құралған топ 150 нысанды тексерген. Көбінде баллондарды сақтау ережесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар қатаң шара қолдана алмайды.

Мына дәмханада қатып тұрғын баллонды ерекше әдіспен жылытып жатыр. Ыдысқа жылы су құйып, соған салып қойған. Тар жерде бір-емес бірнеше баллон қатар тұр. Ал газ жүретін резеңке құбырды қабырға арқылы өткізген. Ереженің өрескел бұзылғаны көзге көрініп тұр дейді мамандар.

Аяқ астынан келген тексеріс кәсіпкерлерге ұнамады. Кейде тіпті кіргізбей жібереді екен. Әкімдік өкілдері мен төтенше жағдайлар қызметінің маманы ереже бұзғандарға ешқандай шара қолдана алмайды. Тек ескерту жасайды. Таяқтың екі ұшы бар. Бұл жерде кәсіпкерлікті қолдайтын заң үстем. Мамандардың айтуынша, газ баллондарын қолданатын дәмханалардың 90 процентінде талап сақталмайды.

Думан Жайылбеков, қала әкімдігі жанындағы газтехникалық бөлім маманы:

– Біз кірген мекемелердің көбінде сақтық шаралары сақталмайды.

Дәмхана қожайынының үстінен арыз түскенде ғана шара қолдануға болады. Бұл – барак типіндегі көп пәтерлі үй. Барлық пәтер иесі газ баллондарын қолданады.

Тұрғындар осылай «білдім, түсіндім» деп бір парақ қағаз алып қалды. Нәтиже шыға ма, жоқ па белгісіз. Біз кіріп шыққан нысандардың барлығында да газ баллондарын сақтау, пайдалану ережесі бұзылған. Былтыр 31 рет оқыс оқиға болып, 12 адам қайтыс болса, 42 адам зардап шекті. Елорданың өзінде оларға бақылау жасау оңай болмай тұр.

Ақсәуле Байменшина, Нұрғали Мамырбаев