Павлодардағы көпқабатты үйдің тұрғындары пәтер ішінде сыртқы киіммен жүруге мәжбүр

Қыстың көзі қырауда Ертіс өңірінің тұрғындары да жаурап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үйіміз суық деп шағым айтқан жандар көп. Бүгінгі күнге дейін 127 көпқабатты үйде жылу төмендеп кеткен. Арнайы тексеріс нәтижесінде 100-ге жуық нысандағы жылу көрсеткіші талапқа сай еместігі расталды.

Зейнеткер Нұржамал Қожахметова бұл үйде 30 жылдан бері тұрады. Соңғы 3-4 жылда көрген күні осы. Пәтер ішінде қабат-қабат киім киіп жүруге мәжбүр.

Нұржамал Қожахметова, зейнеткер:

– Біздің үйден басқа көрші үш нысанда жылу мәселесі бұрыннан бар. Бармаған жеріміз қалмады. Бірақ мәселе шешілер емес. Үйде жүргенде осылай бас киім киюге мәжбүрмін. Жылу құралдарын пайдаланудан басқа амалымыз жоқ.

Сарышұнақ аязда осы үйдегі 200-ге жуық тұрғын бүрсең қағып отыр. Талап бойынша бөлмеде сынап бағанасы 20 градусты көрсетуі тиіс.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Біз жылу параметрлері төмендеген пәтерлердің біріне келіп тұрмыз. Мәселен, бұл қонақ бөлмесіндегі ауа температурасы небәрі +14 градусты көрсетіп отыр. Тұрғындар қатып қалғандықтан, осындай құралдарды пайдалануға мәжбүр. Мен өзім бірнеше минутта тоңып қалдым. Сондықтан сыртқы киімді де шешуден бас тарттым.

Шағын ауданда тағы 11 үйдегі жылу параметрлері ережеге сай емес болып шықты. Пәтерлердегі ең төменгі көрсеткіш 16 градусты көрсеткен.

Евгения Шквира, пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

– Арнайы комиссия төрт көпқабатты үйді бақылауға алды. Бұл нысандарда талап жылу беру бойынша +15 градусқа төмен. Біз тек тексеріп, көрсеткшітерді жылу беру ұйымына жібереміз. Жалпы қызмет көрсететін үйлердің барлығы жылу маусымына дайын болды. Бірақ жағдай түзелер емес.

Ал жылу таратушы ұйым өкілдерінің айтуынша, кей үйлердегі жылу тораптары қайта монтаждалған. Салдарынан шетте орналасқан баспаналарға жылу жетпей қалған. Монополист мекеменің хабарлауынша, қазіргі уақытта 18 көпқабатты нысанда температуралық режим бұзылған.

Катерина Байжұманова, жылу таратушы ұйым өкілі:

– Жылу беруді жақсарту үшін реттеу жұмыстары қолға алынды. Павлодар жылу желілері ұйымы жұмысының кесірінен зардап шеккен тұрғындарға жылу энергиясы бойынша қайта есептеу жүргіземіз. Жылу параметрлерінің төмендеуіне қатты аяз да себеп. Сонымен қатар көпқабатты үйлердің ішкі жылу кестелері өзгертілген.

Қазіргі уақытта жылуға қатысты шағымдар бойынша арнайы комиссия құрылған. Олар бұл мәселені анықтайтын болды. Көпқабатты үйлерге қызмет көрсететін ұйымдар ішкі жылу желілерін қайта реттемек. Ал жылу таратушы мекеме параметрлерді бірқалыпқа келтірулері тиіс.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат