ШҚО-да сары аяздың кесірінен қоғамдық көліктер дұрыс қатынамай жатыр

Әсіресе Өскемен қаласындағы шеткі шағын аудандарға жүретін автобустарды тұрғындар сағаттап күтуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Автопарк басшылары аяздың салдарынан кей көліктер жүріп келе жатып, қатып қалатынын айтады. Аймақта бүгіннен бастап карантин ережесіне өзгеріс енді. Нәтижесінде аудандарға да қоғамдық көліктер қатынай бастады. Алайда соңғы 10 айда жұмысы тоқтап қалған жергілікті автобекетке жүргізушілер табылмай жатыр.

Індеттің кесірінен шығыста аудан және қалаларға қатынайтын қоғамдық көліктердің тоқтағанына 10 айдан асты. Бүгіннен бастап санитарлық бекеттер алынып, тек мемлекеттік шекарада тұрғандар ғана қалады. Енді өңірдегі жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істеуге дайындалып жатыр. Ауыл, ауданға жүретін автобустың жүруін халық та асыға күтіп жүр.

Автобекеттің жұмысы тоқатаған ұрымтал кезеңді ұтымды пайдаланған жеке такси жүргізушілері де бағаны көтеріп жіберген. Сондықтан аудандарға қоғамдық көліктің қатынауы – халық үшін ең басты мәселе.

Әділбек Нұрсейітов, Шемонайха ауданының тұрғыны:

– Автовокзал ашылмағалы қиын болды. Таксистер қымбат алады.

Автобус болса жақсы екенін Өскемендегі автобекет иелері де біледі. Дегенмен бекет жұмысшыларының қазір 70 проценті тарап кеткен. Сондықтан автобус жүргізушілерінен бастап бәрін жаңадан бастап жатыр.

Алмас Бейсенғазин, автобекет директоры:

– Жұмыс бастайық деп жатырмыз, ашылдық. Бірақ дәл қазір автобустар әлі дайын емес. Өйткені ешкім бізге ашылуға рұқсат беретін қаулыны күткен жоқ. Көп автобустар қатып қалды, аяздан кейін. Екіншіден, көп тасымалдаушылардың жұмысшылары азайып қалды. Қазіргі уақытта көлік жүргізушілер жетпей жатыр.

Жүргізушілер мен автобус Өскеменге де жетпей жатыр. Соңғы 5 тәулікте сары аяздың күші 40 градусқа жеткенде бір дегенде қаладағы қоғамдық көліктердің көбі сыр берді.Тұрғындар әсіресе таңертең, кешке автоубусты ұзақ күтуге мәжбүр .

Автопарк басшылары да халықтың қоғамдық көліктерге қатысты арыз-шағымын жақсы біледі. Алайда әбден тозығы жеткен автобустар ауа райы қолайлы күндері де ілдебайлап әрең жүреді. Ал аязда кейбірі жүріп келе жатып, қатып қалатынын жүргізушілер де мойындайды.

Болатбаек Мүшебаев, автобус жүргізушісі:

– Күніне 7-8 автобус шығу керек болса, екеуі-үшеуі шығады. Мысалы, менің жағармайым қатып қалып, ішке кірдім.

Жалпы Өскемендегі жолаушыларды күн сайын үлкенді-кішілі 300-ге жуық автобус тасымалдаса, қатты аяз түскен соңғы 5 тәулікте тең жартысы ғана шыққан. Көбісі ескі болғандықтан от алмайтын көрінеді. Қазір автопарктердегі қоғамдық көліктердің 60 проценті ескірген. Ал қаладағы тасымал саласындағы компаниялар жыл сайын билет құнын біртіндеп көтергенмен, автобустар жаңармай тұр.

Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов