Шымкенттік санитар дәрігерлер сайлау учаскелерін тексерді

Шымкенттік сантитар дәрігерлер сайлау учаскелерін аралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сала мамандары ондағы санитарлық-дезинфекциялық талаптардың қатаң сақталуын тексерді. Қазіргі таңда Шымкентте 312 сайлау учаскесі бар. Соның 68-і Қаратау ауданына тиесілі. «Әзірге дауыс беру орындарында ешқандай кемшілік анықталмады», - дейді аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілдері. Санитар дәрігерлер ғимарат ішіндегі ауаның желдетілуіне мән берді. Сондай-ақ сайлауға дауыс беруге келген азаматтардың барлығында бетперде мен бір реттік қолғаптың болуы талап етіледі. Ал әлеуметтік арақашықтықтың сақталуы да маңызды. Сол себепті де азаматтар бір-біріне кедергі келтірмес үшін сайлау учаскесіне кіріп-шығатын қосалқы есіктердің болуы қажет екендігі де айтылды. Ал арнайы мобильді топтар 10 қаңтар күні әрбір сайлау бекетінде санитарлық талаптардың сақталуын қадағалайтын болады.

Айнұр Пернеева, Қаратау аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Сайлау мекемелерінде біздің мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүреді. Жаңағы бетпердені дұрыс тағу, бір реттік қолғапты кию және де адам көп шоғырланған жерге арақашықты сақтауды ескертіп, жұмыстар жүргізіп отырады. Көп кездесетін кемшіліктер енді дезинфекциялық кілемшерлердің дұрыс тұрмауы, кеуіп кетуі тек сондай ғана кемшіліктер болады. Қазіргі таңда оның барлығы орындалды, жұмыстар жасалуда.