Солтүстік Қазақстан облысында бір жарым ғасырдан астам тарихы бар шіркеуді қайта қалпына келтіру жоспарланды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өңірдегі Новорыбинка ауылында көп жылдардан бері иесіз тұрған діни нысан өткен жылы аукцион арқылы 34 мың теңгеге сатылды. Енді ол болашақта жаңа кейіпке енбекші.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Бұл – Новорыбинка елді мекеніндегі шіркеудің бұрынғы келбеті. Діни нысан 1864 жылы бой көтеріпті. Қазір ол қаңырап бос тұр.
Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, бұл ғимарат XIX ғасырда салынған. Алғашында ол шіркеу болған. Кейін астық сақтайтын қоймаға айналған екен. Ал 1950 жылдардан бастап ол ауылдың мәдени ошағы, яғни клуб болыпты. Міне, 150 жылдан астам уақыт өтсе де, ғимараттың қабырғалары қаз-қалпынада сақталған.
Лидия Воронова – ауылдың байырғы тұрғыны. Оның жолдасы бір кездері мұнда киномеханик болып жұмыс істеген. Кейуана бұл нысан түрлі аңызға бай екендігін айтады. Ол туралы әкесінен қалған дін қызметкерлерінің түрлі жазбаларында да баса айтылған.
Лидия Воронова, Новорыбинка ауылының тұрғыны:
- Әкем ауыл тарихын терең зерттеген адам болды. Шіркеуге байланысты жазбалардың бір бөлігі маған сол кісіден қалды. Міне, мына арканы көріп тұрсыздар ғой. Фильм көрсеткенде ол дыбысты дұрыс өткізбейтін. Бірақ ата-әжелеріміз шіркеуде дұға оқығанда мұндағы акуситика, керісінше, мықты болғандығын айтатын.
Көп жылдар бойы иесіз тұрған нысан былтыр аукционға шығарылды. Оны елордалық кәсіпкер Әрсен Сексенбаев небәрі 34 мың теңгеге сатып алған. Енді оны қайта қалыпқа келтірмекші.
Әрсен Сексенбаев, кәсіпкер:
- Бұл шіркеуді осында келушілердің өздері тұрғызған. Кірпіштерін қалау үшін ерітіндіге жұмыртқаның сары уызын қосқан деседі. Жалпы ерте кездері Новорыбинка ауылы сауданың ортылығы болған. Яғни түрлі жәрмеңкелер осы шіркеудің жанында өтіпті. Яғни өнімін сатамын дегендер ол үшін шіркеуге ақы төлеген. Енді сол ғимаратты жаңартқымыз келеді.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Бұл – аудандағы ең көне нысан. Қазір Әрсен оның техникалық паспортын жасап, заңдастыруда. Кейін оны еліміздің тарихи-мәдени мұра объектілер тізіміне енгізуді жоспарлап отыр. Бұдан соң шіркеуде жаңғырту жұмыстарын бастамақ ниетте.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Риат Шони, Руслан Әлиев