Петропавлда фанера комбинаты іске қосылды

Петропавл қаласында фанера комбинаты іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жобаға Түркия елінен 2 млрд теңге инвестиция құйылды. Кәсіпорын ағаш өңдеу саласына тың серпін беріп, Қазақстанның импорттық тәуелділігін қысқартуға жол ашып отыр. Жаңа өндірісте аймақтағы арна тілшісі Айдарбек Айтмұхамбетұлы болып қайтты.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Солтүстік Қазақстан облысында жылына 500 мың текше метр орман оталады. Олар негізінен отынға кетеді. Енді мына бірақ қайыңдар өңделетін болады.

Бұл комбинаттың ақ қайыңдар өлкесінде ашылуы тегін емес. Өңірде ағаш көп, бірақ оны өңдеу аз. Ал, мына кәсіпорын жылына 18 мың текше метр дайын өнім шығарып, импорттық тауардың бір бөлігін басады.

Оғызхан Челик, фанера комбинатының директоры:

- Қазақстанда мынандай үлкен фанера зауыты жоқ. Мына фанера зауыты Қазақстан ішкі нарығының 30%-ін жабады. Біздің ойымыз тауарымызды 50%-ін Қазақстанда сату, 50%-ін экспортқа жіберу.

Қайың бірнеше өңдеуден өтіп, соңында ламинатталған фанер болып шығады. Бұл жұмыс озық құрал-жабдықтарда орындалады. Жаңа өндіріске орналасқандардың бірі – Әйгерім Аманжолова.

Әйгерім Аманжолова, фанера комбинатының жұмысшысы:

- Иә, қызық, оңды. Жеңіл, ондай қиын емес. Ауыр деп айта алмаймын. Кім жұмыс істемеген адамдарға, неткен табыс керек адамдарға өз отбасын асырау үшін керек.

Осылайша, Петропавлдағы тағы бір қаңырап бос тұрған ғимарат қалпына келтіріліп, тың өндіріс іске қосылды. Жалпы былтыр Солтүстік Қазақстан облысына 270 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңірде тағы 50-ден аса инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл 7 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов