Былтыр Ақтөбе облысында 54 мыңнан астам жұмыс орны ашылған

Ақтөбе облысында өткен жылы 54 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлем экономикасының тығырыққа тірелгеніне қарамастан өңірде жаппай қысқартулар болған жоқ. Бұл орайда дер кезінде қабылданған түрлі мемлекеттік бағдарламалардың игілігін айта кеткен жөн. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобасының өзі облыстың 13 мыңға жуық азаматын жалақымен қамтамасыз етті. Мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты табыс көзін тапты.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Нұрлыбек Сейілхановтың қол арбаға таңылып, балдаққа сүйенгеніне бірнеше жыл болған. Омыртқасынан жарық тапқан дәрігерлер «еңбекке жарамсыз» деген анықтама беріпті. Алайда, бұл шешіммен келіспеген жас жігіт нәпақа табудың ретін іздейді. Компьютер тілін игеріп, қазір облыстық мүгедектер қоғамына сарапшы болып жұмысқа алынды.

Нұрлыбек Сейілханов, облыстық мүгедектер қоғамының сарапшысы:

- Көпшілік ортада адам ашылады ғой кішкене. Ауырған адам бірдеңемен айналысса, ол ауруын ұмытып кетеді шама келгенінше. Ойы, мақсаты басқа жаққа, жұмысқа ауғаннан кейін шамалы да болса ауруын ұмытып кетеді. Мына ортаға келгелі бері бұрынғымнан әлдеқайда жақсымын.

Ерекше күтімді қажет ететін жандар үшін жұмыс орнында да жағдай болуы тиіс. Сонда ғана мүгедектер де өзгемен бірдей нәпақа таба алады. Өткен жылы Ақтөбе облысында мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасқан. Бұл мақсатқа бюджеттен 7 миллион 200 мың теңге бөлінген. Бірақ нарықтың сұранысына сәйкес бірінші кезекте жұмысшының біліктілігі бағаланады. 

Гүлмирам Сражова, облыстық мүгедектер қоғамының жетекшісі:

- Мүгедек адамды біз жұмысқа орналастыруға біз мүдделіміз ғой. Ал, мүгедек адамның жұмыс жасауға қабілеттілігі болып, яғни тек қана тілегі емес, сонымен қатар ол бәсекеге сәйкес маман екендігін дәлелдеуі керек.

Ақтөбе облысы бойынша 300-ден астам жоба жүзеге асырылып, 12 мың адам жұмысқа орналасқан. Мәселен жергілікті тігін фабрикасы өткен жылы қосымша 500 тігіншіге мұқтаж болса, өңірде ашылған түрлі жылыжай кешендері мен ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпорындар да тұрғындардың уақытында нәпақа табуына жағдай жасады.

Бұлбұл Елеусінова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Хромтау ауданында осындай үлкен ауыл шаруашылығы өндірісі саласында 200-ге тарта тұрақты жұмыс орындары ашылды. Мысалы жаңағы көкөніс өсіретін арнайы жылыжайларда жүз орыннан астам тұрақты жұмыс орындары ашылып, ол жердегі еңбекақының көлемі 130 бен 150 мың теңге көлемінде орташа еңбекақыны құрады.

Әлемдегі індеттің еңбек нарығына әсер еткені ақиқат. Дегенмен, бастысы, ел үкіметі қолға алған шаралар жаппай жұмыссыздықтың алдын алуға мүмкіндік берді. Жыл қорытындысы бойынша облыстағы жұмыссыздық көрсеткіші 4,8%-ті құраған.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков