Қызылорда облысында жаңадан салынған автожолдардың жартысы сапасыз

Бұл туралы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті маңызы бар облыстық, аудандық және қалаішілік көшелерге төселген асфальттан 1200-дей сынама алған мамандар 600-ден астам кемшілік тапқан. Ал аспаптық тексеру барысында жүзден аса ақау анықталған. Тапсырыс берушілер мен құрылыс жүргізген мердігерлерге ескертпе хат жолданғанымен ақаулар әлі толық жөнделмеген.

Өткен айларда Қызылордада жауған қарға қарамастан асфальт төсегендер жайлы деректер тіркелген еді. Бұл жайт әрине тұрғындар наразылығын тудырды. Сала мамандарының айтуынша +10 градустан төмен температурада асфальт жабындысы мүлдем төселмеуі керек. Құмды қоспаға араласқан қиыршық және малта тастың бетін қар басып қалса да, тұтқыр битум мен асфальт жайғандардың әрекеті сынақтан өтпей қалды. Қазір жергілікті билік жауапсыз мердігерлермен соттасып жатыр. Мұндай мәселе республикалық маңызы бар трассаларда да жиі кездеседі.

Ерболат Көштаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының директоры:

– Республикалық маңыздағы жолдар бойынша 203 рет жолға тексеру жұмыстарына шықтық. Ішінара тексеру барысында 77 сынама алынып тексерілді, оның ішінде 7 жол құрылыс материалдарының сынамалары нормативтік құжаттардың талаптарына сай болмай шықты. Аспаптық тексеру барысында 10 кемшіліктер анықталды. Тапсырыс берушілер мен мердігерлерге 16 хат жолданды. Ақаулар толық жөнделді.

Қамбар Бекенов, тілші:

– Қаланың сол жағалауы мен Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралін байланыстыратын мына көпірдің пайдалануға берілгеніне 1 ай болған жоқ. Ал асфальт жабындысы 2 рет ауыстырылды. Қазалы ауданындағы Сырдария үстіне салынған Әлсейіт көпірінің де жайы осы. Айналдырған 1-2 жылда бірнеше рет асфальттанды. Басты себеп не техникасы, не маманы жоқ құрылыс компаниялары тендерді ұтып алады. Содан көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап сүйретіліп жүргені.      

Ержан Усманов, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК зертхана меңгерушісі:

– Көп мердігерлердің бір техникасы жоқ, тек конкурс ұтып алып, әркімнен техника сұрап жүреді. Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына үлгермеу себептерінен қыстың көзі қырауда жұмыстары кешігіп қалуда. Қазірдің өзінде салынған асфальт-бетон жамылғылардың ұшуы, шұңқырлар пайда болу ақаулары табылып отыр.    

Алдағы уақытта «Адалдық алаңы» жобасы аясында құрылыстың сапасын тексеруге барынша қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат өкілдері тартылмақ.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев