Бурабайдың туризм нысандары пандемиядан зиян шеккен жоқ – мамандар

Басқа жерлерге қарағанда, Бурабайдың туризм нысандары пандемиядан аса қатты зиян шеккен жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сала мамандары солай айтады. Себебі демалыс орындары карантин кезінде де жұмыс істеуге мүмкіндік алған. Ал шетелге шекара жабық болған соң, қазақстандықтар амалсыз отандық туризмді таңдады. Жалпы 2020 жылы бұл салада нендей өзгерістер болды?

Әлемнің көптеген көрікті жерлерін аралаған атыраулық Бибінұр Оразалиева жаһанда Бурабайға жетер жер жоқ дейді. Сондықтан мұнда жыл сайын қыстыгүні келуді әдетке айналдырған. Айтуынша, отандық туризм, біріншіден қолжетімді, екіншіден қауіпсіз. Әрі уақытқа да үнемді.

Бибінұр Оразалиева, турист:

– Біз отбасымызбен көп саяхаттаймыз. Финляндия, Шотландия және Еуропаның басқа да біраз елінде болдық. Соның бәрін көріп, мен бірінші кезекте Қазақстанда осындай Бурабай секілді тамаша жердің барына мақтанамын. Қазір мемлекетіміз бұл өңірді одан әрі дамытуға күш салып жатқаны қуантады. Шетелде отбасыңмен қыдырудың өзіндік қиындықтары бар. Ал мұнда емін-еркін жүреміз.

Бибінұр бұл жолы отбасымен жақында ашылған жаңа қонақүйлердің бірін таңдапты. Демалыс кешені басшысының айтуынша, карантин болмағанда нысан әлдеқашан іске қосылар еді. Дегенмен кәсіпкердің алдағы күндерден үміті зор. Өйткені елімізде ішкі туризм дамиды деген сенім мол. 

Айдос Бижанов, қонақ үйдің басқарушы директоры:

– Бұл жоба «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып, Үкіметтен арнайы несие бөлінді. 60-тан астам жұмыс орны ашылды. Келешекте қызметкерлердің қатарын екі есеге арттырамыз. Себебі қосымша тағы бірнеше нысан іске қосылады. Оларда бассейн мен басқа да сауықтыру орындары болады. Яғни біз емдік туризмге басымдық бермекпіз.

Карантинге қарамастан 2020 жылы Бурабайда осындай бірнеше демалыс орны мен ойын-сауық орталықтары да ашылды дейді облыстық туризм басқармасының мамандары. Мәселен, курортты аймақта алғаш рет шолу шеңбері мен аквапарк іске қосылды. Сондай-ақ су жаңа қалашықтың құрылысы басталды. Ең бастысы, мұндағы барлық туристік нысандарға пандемия кезінде де жұмыс істеуге мүмкіндік берілді.

Азамат Баймұқанов, Бурабай аудандық спорт, дене шынықтыру және туризм бөлімінің жетекшісі:

– Облыстық туризм басқармасы «Турист» атты бағдарлама әзірлеп, оған барлық тиісті құзырлы органдардың мүмкіншілігі жұмылдырылды. Нәтижесінде қолында қонақүйге жолдамасы бар азаматтар осындағы блок-бекеттерді емін-еркін өтуге мүмкіндік алды. Осылайша туристік нысандардың пандемия кезінде де табыс табуына жағдай жасалды. Мұндай бастама еліміз бойынша тек бізде ғана қолға алынды.

Міне, содан бері Бурабайдың демалыс кешендері әлі күнге дейін бірқалыпты жұмыс істеп келеді. Тек санитарлық талаптарды қатаң сақтап, нысанды 80 процентке ғана толтыра алады. Қыстың суығы мен пандемияға қарамастан мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келушілер аз емес.

БЛИЦ:

– Біз Алматы қаласынан келдік. Маған Бурабай ұнайды. Ол өте үлкен, әдемі.

– Мен Бурабайға бүгін бірінші рет келіп тұрмын. Маған өте ұнады. Бірінші көргендегі көрініс, ауа райы өте керемет.

– Біз кеше келгенбіз. Бүгін аралап бастадық. Маған өте ұнады. Тауға шықтық, Жұмбақтасқа міндік.

Туристердің айтуынша, Бурабайда қарағайлы орманның саф ауасымен тыныстаудың өзі адамға бір күш беретіндей. Дегенмен демалушылардың біразы мұнда қызмет көрсету сапасын арттырып, бағаны да аздап төмендетсе деген тілектерін жеткізді. Сондай-ақ үлкендерге арналған шытырманға толы ойын-сауық түрлері көбейсе дейді.

Дамир Берікұлы, тілші:

– Сала мамандары, енді тек Бурабай мен Зерендіні ғана емес, Ақмола облысының барлық ауданында туризмді дамытуды көздеп отыр. Ол үшін жақында арнайы жоба қолға алынды. Себебі аймақтың барлық жерлерінің туристік әлеуеті өте зор дейді мамандар.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко