Былтыр 31 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды

31 желтоқсандағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 1184 кәсіпорнында 31 мың жұмыскер алдында 4,2 млрд теңгеден астам жалақы бойынша берешек бар екенін анықтады.

Аталған кәсіпорындардың басшыларына орындалуға міндетті 790 нұсқама беріліп, 106,4 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, деп хабарлады ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.

Қолданылған шаралардың нәтижесінде, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің мерзімі мен кестесін қатаң белгілеу арқылы 31 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалып, оларға 4,2 млрд теңге төленді.    

Өткен жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 3,9 мың тексеру жүргізді. ҚР еңбек заңнамасын бұзудың 6,1 мыңнан астам фактісі анықталып, 174,3 млн теңге сомаға айыппұл салынды.