Алматыда 2,5 мыңнан астам адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді

Өткен жылы Алматыда қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары бірнеше мемлекеттік және қалалық тұрғын үй бағдарламалары бойынша жүзеге асты.

Мәселен, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасы бойынша қолға алынған «Алматы жастары» бағдарламасы аясында жас отбасыларға 949 пәтер берілді. Бұл бағдарламаға білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік салалар мен БАҚ-та жұмыс жасайтын жастар, сонымен қатар ЖОО мен ҒЗИ-ның қызметкерлері қатысты.

Тағы 432 пәтерді «Шаңырақ» бағдарламасының шарттарына сәйкес кезекте тұрғандар алды, ал 360 отбасы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы жеңілдетілген несие шарттары бойынша баспаналы болды.

Көп балалы және толық емес отбасылардың, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың өкілдері «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жыл ішінде 365 пәтер алды.

Коммуналдық тұрғын үй қорынан 429 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері мен көп балалы отбасыларға бөлінді.

Өткен жылы барлығы 2535 алматылық отбасы қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғасады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі