Алматыда экономикалық қылмыс жасағандарға сот үкімі шықты

ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жалған шот-фактуралармен бухгалтерлік құжаттарды материалдық сыйақы үшін жасап келген азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын аяқтады.

Тергеу кезінде анықталғандай, Алматы қаласының тұрғындары 2017-2019 жылдар аралығында өзіндеріне тиесілі 7 ЖШС арқылы коммерциялық ұйымдарға салықтан жалтару үшін, ЖШС арасында 6 млрд теңгеден аса сомаға сауда саттық болған делінген жалған шот-фактуралар жазумен айналысқан.

Бұл азаматтардың алдын ала сөз байласып экономика саласындағы жасаған заңсыз іс-әрекеттерінен мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірілген.

ҚР ҚМ ҚМК баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының үкімімен қылмысты жасаған 3 азамат ҚР ҚК 28 бабы 3-б., 29 бабы 5-б. және 216 бабы 3-б. (іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау) кінәлі деп танылып 2,6 жылдан 3 жылғы дейін бас бостандықтарынан айырылды.

Сондай-ақ соттың үкіміне сәйкес, аталған азамат 10 жыл мерзімге экономикалық қызмет саласындағы жетекші лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Сотқа дейін үй қамағындағы айыпталушы азаматтар, сот залынан қамауға алынды.