Қызылордада тәртіп сақшылары түтінге тұншыққан адамды құтқарды

Қызылордалық полицейлер түтінге тұншыққан 42 жастағы қала тұрғынын құтқарып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өрт оқиғасы туралы дабыл түскен бойда учаскелік полиция қызметкерлері дереу көмекке жеткен. Алайда жеке тұрғын үйді сырттан қарағанда ешқандай ашық жалын байқалмаған. Тәртіп сақшылары құлыптаулы есікті бұзып кіріп, үй ішін қою түтін жайлағанын көрген. Алдымен жарылыстың алдын алу мақсатында олар 4 газ баллонын қауіпсіз жерге шығарып, артынша ес-түссіз жатқан үй иесін құтқарған. Жедел жәрдем жеткенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Қайрат Өтембетов, учаскелік полиция инспекторы:

- Төр бөлмесінен алып шықтық. Алайда жатып қалған азамат. Түтіннен байқамадық, біз ол азаматты. Көрінбейді түтіннен, шығардық. Адамды ажалдан арашалап алып қалдық қой. Қандай да жағдай болмасын бірінші кезекте халыққа көмектесу міндетіміз. Бұл әрекетімізді ерлік немесе батырлық деп санамаймыз. Менің орнымда барлық полиция қызметкерлері солай жасар еді.